Туған жерге тағзымды Талғар жастарынан үйрену керек десем артық айтқандығым емес. Жастардың қатысуымен өткізілетін қандай шара болмасын науқандыққа айналдырмай, алдымен жүректерімен түсініп барып әрекет ететін талғарлықтардың жас буынына сөзсіз сүйсінесің. Бұл жолғы акцияны да таудың баурайында ұйымдастырып, табиғат аясындағы таза ауада жастардың туған жерге деген сүйіспеншіліктері мен махаббат сезімдерін оятуды көздеген екен.
«Талғар ауданының жастар ресурстық орталығы» мен «Жас Отан» ЖҚ-ның ұйымдастыруымен өткен шара алдымен «Жасыл ел» еңбек жасағының шілде айындағы маусымдық жұмысының жабылуына негізделді. Осы маусымда аянбай еңбек етіп, туған өлке тазалығын сақтауға шынымен берілген жасақшылардың есімдері айтылып, өзгелерге үлгі ретінде насихатталды. Шілде айында белсене жұмыс істеген 32 жас «Жасыл елдің» атына заты сай жұмыс істеп, жаңа серпінмен жандандыра білген. Осы және өзге де мәселелер жөнінде ой өрбіткен орталық басшысы Замира Нұрланқызы аталмыш акцияның мән-жайына да тоқталды. Патриоттық сезім мінберден жалынды, ұранды сөздерді тыңдап қана қою емес, кейде осындай жоспардан тыс басқосулардан да туатынын жеткізді. Тау баурайына жиналған жастар басшысының сөзімен бірауыздан келісіп, бірден интеллектуалды сайыстарға кезек берді. Сондай-ақ спорттық ойындар ойнатылып, жастарға өмірге керек дағдылар бойынша тренингтер өткізілді. Табиғат аясында топтасқан жастардың мақсаты бір арнаға тоғысқандай көрінді көрінді бізге: ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ МЕН ТАТУЛЫҒЫның АРТЫП, БОЛАШАҒЫН БАЯНДЫ ЕТУГЕ БІРГЕ АТСАЛЫСАМЫЗ.
М.Дүйсенғалиева