Өткен аптада, жұма күні аудан әкімі әрі «Нұр Отан» партиясының Талғар аудандық филиалының төрағасы Рыскелді Сатбаев партия ғимаратында алдын ала жазылу бойынша аудан тұрғындарын қабылдап, түйіні түйдектелген бірқатар мәселелерді назарға алды. Қабылдау жұмысына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Ермағанбетова мен бірқатар ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары қатысып отырды. Алғашқы болып Береке ауылының тұрғындары атынан Ақынсара Қыдырбаева жаздың аптаған ыстығында бір ай бойы аталмыш ауылда орын тепкен 300-ге жуық үйдің тұрғындары ауыз судың зардабын шегіп отырғанын жеткізді. Айта кету керек, 2016-2017 жылдары аталмыш елді мекенге су жинайтын қойма салуға және су жүйесін қайта жаңартуға облыстық бюджеттен 192 млн.330 мың теңге қаражат бөлініп ауылға су тартылған. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың төмен жағында су бар да, жоғары бетіндегі үйлерге су көтерілмейді. Мәселенің мән-жайын мамандар су құдықтарындағы ысырманы тұрғындар өздігінен ашып, бірқалыпты су беру жүйесіне нұқсан келтіріп отыр, деп түсіндірді. Екі айдың көлемінде суға төленетін тариф бекітілген соң, ауылдың су жүйесі толықтай аудандық «Водоканал» МКМ- нің құзырына өтетін болады. Ал қазіргі уақытта әлеуметтік әрі стратегиялық маңызды нысан саналатын су жүйесі аудандық коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің балансында. Мәселенің мәнісіне үңілген аудан басшысы аудандық коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асқар Шамаевқа нақты тапсырма беріп, су мөлшерін реттейтін ысырмаларды ретке келтіру жұмыстарын жүзеге асыруды міндеттеді. Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылының тұрғыны Әлімберді Шорманов деген азамат өзі тұратын тұрғын үйлерге көршілес ………. көшесінін бойында орналасқан шаруа қожалығының келеңсіз әрекеттеріне наразылығын айтты. Ірі қара мал басын өсіріп, бордақылайтын Нұрқуат есімді кәсіпкер үйінің ауласын мал соятын орын ретінде пайдаланатынын, соның кесірінен тынысты тарылтатын жағымсыз иіс, шыбын-шіркей, бір сөзбен айтқанда антисанитарлық жағдай туындап отырғанын, оған қоса іргедегі жотаның етегін де үңги қазып, жекелік иелігіне кіргізіп алғанын, заңсыз әрекет деп бағамдайды арызданушы. Көршісі аталмыш шаруа қожалығы орналасқан аймақты қоршап та алмаған, малын қорғау үшін ұстап отырған алабай иттері (шынжыр темірге байланған) ары –бері өткен адамдарға арпалыса үргенде есің шығады, дейді ауыл тұрғыны. Елуге жуық іріқара малдың қиынан басқа, жерін тегістеу үшін сырттан машиналарға тиеп әкеліп,төгіліп жатқан күл-қоқыстың өзі қоршаған ортаға, ең бастысы айналадағы адамдарға зиянын тигізіп отырғаны да айтылды. Осындай келеңсіз жағдайлар, көршілес орналасқан үй тұрғындарының ғана емес, әсіресе жаз мезгілінде асыр салып ойнап, демалуға келген немерелеріміздің де зәре-құтын қашырды, деп қынжылады ақсақал. Бұл жайында бір топ ауыл тұрғындары құзырлы органдарға да шағымданып арыз жолдаған екен, бірақ әлі күнге дейін ресми жауап ала алмай отырғандарын алға тартты. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы аудандық ветенария бөлімінің басшысы Р.Смаиловты көтерді. Аталмыш сала мамандары арыз желісімен дер кезінде көрсетілген мекен-жайға барып, тексеріс жүргізген. Р.Смаиловтың мәлімдеуінше, дәл сол уақытта кәсіпкердің қора –жайында 4 жылқы малы болған, ешқандай да мал сойылу фактісін анықтамаған. Ауласындағы қи-қоқысты қысқа мерзімде шығару туралы нұсқама берілгенін айтты. Ветеринария маманының мәлімдеуінше, жалпы мал соятын орынға қойылатын санитарлық-ветеринарлық талаптар өте жоғары. Сондықтан да малшылық кәсіпті нәсіп етіп, ет бағытында мал бордақылап сататын кәсіпкерлер, малдарын ресми рұқсат етілген арнайы орындарға (бойня) апарып сойғызуға міндетті. Ауыл тұрғыны Ә.Шормановтың алға тартқан уәждері бойынша аудандық жер қатынастары мен сәулет және қала құрлысы бөлімдерінің басшыларына нақты тапсырма беріп, мәселенің ақ-қарасын ажыратуды, талап бойынша арыз иелеріне ресми жауап беруді тапсырды. Аудан әкімі аталмыш мәселе бойынша арызда көрсетілген фактілер расталатын болса, заң аясында шара көрілетініне сендірді.
Бесағаш аулындағы «Луч» саябағының бір топ тұрғындары атынан келген Қайнар Төлепбергенов бұрындары жол болған жер телімінің заңсыз беріліп кету салдарынан, бүгінде бірнеше үйдің тұрғындары өз ауласына жалғызаяқ жол арқылы ғана кіретіндіктерін айтты. Саяжайдың негізгі көшелерінен қиылып қалып, сегіз жыл бойы сергелдеңге түсіп, әділдік іздеп жүрген тұрғындар өз үйлерінің ауласына емін еркін кіріп-шығатын жолды қайтаруды сұрайды. Құдай оның бетін әрі қылсын, алда-жалда өрт, немесе басқа да оқыс жағдай бола қалса, арнайы көлік аулаға беттей де алмайтын көрінеді. Мәселенің мән-жайына үңілген аудан басшысы «Луч» саяжайының төрағасы Төлеген Истебаевтың, ауылдық округ әкімінің орынбасары М. .. мен аудандық жер қатынастары бөлімі мамандарының пікірлеріне құлақ түрді. Нәтижесінде, аталған мекен-жайға комиссиямен барып, көзбен көріп, бір шешімге келуге тоқталды.
Кеңдала ауылының «Жаңа құрылыс» мөлтек ауданының тұрғындары Ф.Имантаева мен Г.Жүнісовалар ағыны қатты каналдың біршама бөлігінің (шамамен 50 метр) беті ашық болғандықтан, балалардың абайсызда түсіп кету қауіпі жоғары екенін алға тартып, бұл мәселеге айрықша мән беруді, сонымен қатар аталмыш канал үстін қиып өтетін жаяу жүргінші мен жеңіл, ауыр автокөліктер жүретін арнайы көпір салуды сұрады. Айта кету керек, тұрғындар осынау маңызды мәселені ауылдық округ әкімдігіне айтып дабыл қаққандарына да 3-4 жыл болыпты. Нәтиже болмаған соң, аудан басшысына жүгінуді жөн санаған. Аталмыш мөлтек ауданның тұрғындары өз күштерімен су, свет, тіпті тас жолды да шама-шарқынша жүргізіпті. Әйтсе де, судың сапасы талапқа сай еместігін, жарықтың да күш-қуаты төмен болғандықтан көптеген қиындықтар туындайтынын айтты. Аталған мәселелер жайында аудан әкімі құлағдар болып шықты. Су жүретін каналдың қауіпсіздігі мен оның үсті арқылы өтетін арнайы жол- көпірдің құрылысына қатысты ұйымдастыру, арнайы құжаттарды жинақтау іс-шаралары қолға алынып жатқанын жеткізген ол құзырлы мемлекеттік орган басшыларына нақты тапсырма берді. «Көш жүре түзелер» демекші, су, жарық, жол мәселелері де ретімен өз кезегінде, қаражаттың қарастырылу жағдайына қарай шешілетінін айтты.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы бар іс-қызметін халықтың игілігіне, еліміздің өсіп-өркендеуіне бағыттап отырған халықтық партия. Сондықтан да, аудан тұрғындары бұл күнгі қабылдауға үкілі үмітпен, үлкен сеніммен келгені белгілі. Кездесу барысында аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясының Талғар аудандық филиалының төрағасы қызметтерін атқарып отырған Рыскелді Сатбаев әрқайсының тұрмыс-тіршілігіне, ауыл-аймағына, жалпы қоғамның қалыпты дамуына қатысты көтерген мәселелерін мұқият тыңдады, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, партия тарапынан бақылауға алынатынын ескертті. «Уақыт-төреші, халық-қазы» демекші, назарға алынған мәселелер өзінің оң шешімін табады, деген сенімдеміз.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат