Күні кеше ҚызылҚайрат ауылындағы Мəдениет үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті мəжілісінің депутаты, экономикалық реформа жəне өңірлік даму комитетінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы тобынан халық депутаты болып сайланған Шаймардан Нурумов аудан халқымен кездесті. Кездесу жиынын сөз сөйлеп ашқан аудан əкімі Рыскелді Сатбаев Ш.Нурумовты жиналған жұртпен таныстырып, оған сөз тізгінін ұстатты.
Халық қалаулысы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақ мемлекетін бүкіл əлемге мəшһүр етудегі еңбегі мен «Мəңгілік ел» болудағы қадам басып бара жатқан 18 миллион халықтың əлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға бағыт-бағдар ұсынғанын айта келіп, парламенттегі депутаттардың жыл көлемінде атқарған жұмыстарына тоқталды. Əңгімені салиқалы көзқараспен айта білген Ш.Нурумов осының бəрі елдегі тату-тəтті ынтымақты тірлік пен ел Президентінің тынбай ізденуі үстіндегі жұмысы екенін қарапайым тілмен жеткізе білді. Ұсыныс-тілектерге кезек келгенде, Гүлдала ауылының тұрғыны Аширгүл Тохтиева үлкен елді мекендегі бос тұрған балабақша үйі мен жиырма жылдан бері қаңырап тұрған клубтың халыққа қайтарылуына аудан əкімдігі мұрындық болса деген тілегін жеткізді. Қызыл-Қайрат ауылы тұрғындары атынан ауылдың мұңмұқтажын, айтуға шыққан ауыл тұрғыны Мерван Сайтова, Талғардағы «Су құбыры» мемлекеттік мекемесінің халық тұтынатын ауыз судың бағасын тым қымбаттатып жібергенін, ауыл көшелеріне газ тартып жатқан компанияның тұрғындар қалтасы көтере алмайтын бағаға жұмыс жүргізіп жатқанын ашына айтты. Мына қымбатшылық жайлаған тұста аудандағы күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды жинайтын мекеменің де жинаған еңбектері үшін бағаны көтеріп жібергенін, ауыл мектебінің жыл өткен сайын баланың көптігінен сыймай жатқанын, тіпті оқушылардың қысы-жазы бүрсеңдеп даладағы əжетханаға жүгіріп жүретінін ауыл тұрғындары бірінен соң бірі шығып айтумен болды. Ауылдағы жалғыз фельдшерлік амбулаториядағы дəрігерлердің жетпейтіні де сөз болды.
Осы кездесуде сөз алған ауыл ақсақалы Иса Өскенбай ауыл ақсақалына тəн сабырлы мінезбен Елбасы Н.Назарбаевтың соңғы жылдары қолға алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Бес əлеуметтік бастамасын» шешуді қолға алғанын толымды сөзбен айта келіп, ел азаматтарына халық үшін аянбай еңбек етулеріне қариялық тілегін білдірді.
Халық қалаулысы Ш.Нурумов айтылған талап-тілектердің бəріне де тұщымды жауап берді. «Ел ағасыз, өсек жағасыз болмас» демекші, ауылдың абыз қарты Иса Өскенбайұлы ел азаматтарына батасын беріп, алдағы жұмыстарына сəттілік тіледі.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».