«Алматы-Қорғас» автожолы ақылы болмақ

«Алматы-Қорғас» автожолы ақылы болмақ

Жол — экономиканың күретамыры, байланыстың алтын арқауы. Сондықтан ел экономикасы мен әлеуметтік дамуына  автомобиль жолдарының қосар үлесі зор. Елбасы Нұрсұлтан­ Назар­ба­ев ­ «Нұрлы­­ жол – бо­ла­шаққа бастар жол» атты Қазақ­стан халқына арнаған Жол­дауы­нда «Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асы­ру қажет» деп, бұл бағытта атқарылар ауқымды жұмыстарды айқындап берген болатын. Облыс аумағында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған ауқымды жобалардың бірі «Алматы-Қорғас» автожолымен жүру  желтоқсан, қаңтар айларында ақылы болмақ.

Өткен аптада ауданымызға арнайы ат басын тіреген   «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның ресми өкілдері — баспасөз қызметінің басшысы Бауыржан Серікбаев, басқарманың бизнесті дамыту жөніндегі бөлімінің басшысы Ернар Тулегенов, Алматы облыстық филиалының бас маманы Доспол Тепышев осы мәселеге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Жиынды Талғар ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  басшысы Асхат Досжанұлы жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқармасының бизнесті дамыту жөніндегі басшысы Ернар Тулегенов «Алматы-Қорғас» тас жолына қатысты  жаңа төлем жүйесінің жүзеге асырылу реті  жайында жан-жақты ақпарат берді. Ілеспе түрде слайдтар арқылы схемалар мен таблицалар көрсетіліп отырды. Транзиттік әлеуеті зор, қозғалысы төрт жолақты, цемент-бетон жамылғысы бар «Алматы-Қорғас» автожолының жалпы ұзақтығы – 304 км.құрайды. Автокөліктер тақтайдай тегіс жолда үлкен жыл­дамдықпен (рұқсат етілген жоғары жылдамдық — сағатына 140 шақырым) еш кедергісіз жүре алады. Тариф мөлшерін Үкімет бекітеді. Республикаллық маңызы бар аталмыш  жол арқылы  қатынау жеңіл көліктерге шақырымына 1 теңге. Ал, жүк көліктері мен өзге қозғалыс құралдарына 5теңгеден бастап төленетін болады. Ұлттық компанияның өкілі Ернар Тулегенов жол бойында екі төлеу пункті орнатылғанын  және олардың арасында  бейнекамерамен жабдықталған 6 арка, 6 метеостанса, 2 ақпараттық арка жұмыс істейтінін айтты. Жол ақысын төлем пункттерінде, Qiwi терминалдарында, касса 24 жүйесінде, интернет арқылы (payway.kz); банк картасымен, жеке шот арқылы (заңды тұлғаларға) төлеуге болады. Егер тұлғалар жол ақысын төлемеген жағдайда 7 күн ішінде төлеу туралы хабарлама жіберіледі. Жол ақысы төленбеген жағдайда жеке тұлғаларға — 5 АЕК, заңды тұлғаларға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынатыны да жеткізілді. Ақылы жол бөлігін пайдаланғаны үшін ақы төлеуден қызмет бабындағы арнайы көліктер (жедел жәрдем, өртке қарсы қызметі, авариялық-құтқару қызметі, жол патрульдік қызметі, әскери техника),ақылы жолға жақын ауылдарды байланыстыратын жолаушылар автобустары, белгіленген әкімшілік территориялық бірлікте тіркелген, осы ауданда тұратын жеке және заңды тұлғалардың көліктері босатылады. Жиын барысында сөз алған «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің  жетекшісі Бауыржан Серікбаев жеңіл машина аудандарда тіркелген болса   1000 теңге абонент ақысын төлеп, бір жыл бойы еркін қатынауға мүмкіндік алатынын алға тартты. Үшінші тоқсанда, қыркүйек айынан бастап тестілік режімде жұмыс жүргізілетінін жеткізген ол желтоқсан немесе қаңтар айында ақылы режім енгізілетіні жайында жиналғандарды хабардар етті. Жиынға қатысушылар тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Сала мамандары тарапынан тиесілі жауаптар беріліп, айтылған ұсыныстар назарға алынды.

Райхан АЗИМОВА

Талғар-ақпарат