Иә, асқар таудың биік шыңдары алыстаған сайын айшықтала түсетініндей, ел дамуына елеулі еңбегімен үлес қосқан дара тұлғалардың да азаматтық келбеті, өсиет-өнегесі уақыт көші алға жылжыған сайын жарқырай көрінетіні заңдылық. Сондай шоқтығы биік жандардың қатарында өмірден жасындай жарқ етіп ерте өткен Қазақстан Қарулы Күштерінің көрнекті басшыларының бірі, генерал-лейтенант Мәлік Мұхамеджанұлы Сапаровтың есімі ел жадында.
Өткен аптада ҚР Қорғаныс Министрлігінің Талғар ауданы Панфилов ауылында орын тепкен Орталық спорт клубында марқұм генерал-лейтенант Мәлік Мұхамеджанұлы Сапаровты еске алуға арналған әскери-спорттық спартакиада болып өтті. Жастардың бойында ежандылық пен батылдықты тәрбиелеуге бағытталған мәні кең іс-шара ҚР Қорғаныс Министрлігі тарапынан ұйымдастырылып, спорттық сайыс алаңы Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімшелері мен әскери білім беретін оқу орындарынан ұзын саны сексенннен аса сайыскердің басын қосты. Жарыс талабы бойынша жас жауынгерлер бес әскери-қолданбалы пәндер бағытында: әскери-қолданбалы жүзу, гранат лақтыру, турникке тартылу, кедергілерден өту және жеңілатлетикалық эстафета бойынша өз дайындықтарын паш етті.
Іс-шара шымылдығы Мемлекеттік Әнұранмен түріліп, жиналғандар алдында алғашқы болып ҚР Қорғаныс Министрлігі спорт комитетінің төрағасы — әскери Орталық спорт клубының бастығы Расул Мейірманов сөз сөйлеп, сайыскерлерді спартакиаданың ашылуымен құттықтады. «Спорттың әскери –қолданбалы түрі қашан да әрбір жауынгердің әскери дайындығының ажырамас бөлігі болып табылады. Мүмкін осы ұйымдастырылып отырған сайыс көптеген жас сарбаздар үшін ҚР Қарулы Күштері Спартакиадасы шеңберіндегі биік спорттық жетістіктерге бастайтын сәтті қадам болар. Осынау әскери-спорттық жарыс Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасу әрі даму жолындағы ерен еңбегімен дараланған білікті әскери қолбасшы, марқұм генерал-лейтенант Мәлік Сапаровты еске алуға арналып отыр. Бар саналы ғұмырын әскери қызметке арнап, оның қыр-сырын жетік меңгерген жас генералдың, алмастай асыл азаматтың өнегелі өмір жолы жас ұрпақ үшін қашан да үлгі болып қала береді» -дей келе, Расул Меирманов сайыскерлерге сәттілік тіледі. Іс-шараның құрметті қонағы, марқұм генерал-лейтенант Мәлік Сапаровтың туған әпкесі Шара Мұхамеджанқызы бауырын еске алып көзіне жас үйірді. Мәні кең игі шара ұйымдастырып отырған азаматтарға алғысын білдіріп, жалындаған жастарға Мәлік Сапаров ағалары сияқты білімді де білікті әскери маман, туған елі үшін аянбай қызмет етуге даяр тұратын үлкен жүректі азамат болуларына тілектестігін білдірді. ҚР Қорғаныс Министрлігінің Құрлық әскері әскери институты басшысының орынбасары, полковник Ораз Кучуков, Талғар ауданының Құрметті азаматы, ҚР футболдан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Константин Муратиди өз сөздерінде Мәлік Сапаровтың өнегелі өмірін тілге тиек етіп, Қазақстан Қарулы Күштерін дамытудағы айрықша еңбегін, болашақты бағдарлай білетін прогрессивті, ойшыл қолбасшылық қабілетін атап өтті. Іс-шараның ашылу салтанаты әскери-патриоттық әндермен ажарланып, жиналған көпшілікке ерекше серпін, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жасындай жарқ етті…
Мәлік Сапаров 1958 жылы 15 –қыркүйекте Талғар ауданына қарасты Қызылту ауылында дүниеге келді. Алматы қаласының №2 мектеп-интернатында сегізінші сыныпты аяқтаған соң, Свердловскідегі суворовшылар әскери учидищесінің түлегі атанады. Осыдан соң әскери білімін тереңдету үшін Алматы қаласындағы жоғары жалпы әскери командалық училищесінде оқиды. Жігерлі жас1979 жылы алған әскери білімін еңбекпенұштастырып, Забайқалье әскери округінде қызмет атқарады. «Талапты жанға нұр жауап» демекші, 1985-1988 жылдар аралығында ол салалық әскери білімді тереңдей оқытуға бағытталған Мәскеу қаласындағы Фрунзе атындағы әскери академиясында оқып, білімін шыңдайды. Осы оқу орындарын тәмамдаған жас офицердің білімділігі мен қарым-қабілетімен көзге түсіп Орта Азия әскери округінде батальон командирінен полктің штаб бастығы, полк командирі қызметіне көтерілді, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас штабында жауапты қызметтер атқарған. Ол бойына біткен іздемпаздығы мен зейінділігің , білімге деген құштарлығының арқасында 1995 жылы Ресей Федерациясына оқуға жіберіліп, 1997 жылы оны алтын медальмен бітіріп шығады. 2001 жылдан –Қапзақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары, 2003 жылдан- ҚР қарулы Күштері Бас штабының бастығы-Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірініші орынбасары қызметтерін абыроймын атқарған жан. «Өз Отанын, туған жерін жан-тәнімен сүю-адамшылықтың асқар шыңы» деген қағиданы өмірінің шамшырағы етіп берік ұстанған ол еліміздің Қарулы Күштерін жаңа, заманауи деңгейге көтеруге, әскери саланы реформалауға, басқару жүйесін жетілдіріп, әскери қызметтің беделін көтеруге, ішкі әскердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға байланысты ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға бар күш-жігерін салғаны белгілі.
Желдей есіп, сынаптай сырғыған уақытқа тоқтау бар ма… Тірі болғанда биыл 15 қыркүйек күні асыл ер асқаралы алпысқа келер еді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлағатты сөз бар. 45 жасқа қараған шағында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, кейінгі ұрпаққа өнегелі өмірімен үлгі болып кеткен Мәлік Мұхамеджанұлы Сапаров бір әулеттің ғана емес, мемлекеттің мақтанышына, халқының қадір тұтатын ұлдарының біріне айналған жан. Абзал азаматымызды еске алуға арналған республикалық деңгейдегі осынау әскери-спорттық спартакиаданың өткізілуі де соның айғағы болса керек.
Үш күнге созылған сайыс та өз мәресіне жетіп, «жүзден-жүйрік» шыққандар анықталды. Сайыс қорытындысы бойынша ең үздік денешынықтыру дайындығын көрсеткен Құрылық әскері әскери институтының курсанттары жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары көтерілді, ал үшінші орынды Құрылық әскері әскери институтының екінші командасының курсаттары иеленді. Жеңмпаздарға салтанатты түрде марапат қағаздары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ұйымдастырушылар тарапынан алдағы уақытта да жастарды елжандылық пен батылдыққа тәрбиелейтін осындай игі іс-шаралар жалғасын табатыны айтылды. Патриоттық тәрбие беру арқылы біз жастарымыздың бойында елжандылық, отансүйгіштік, елін, жерін қадірлеуге,көзінің қарашығындай қорғай білуге баулыймыз. Рухы биік, ой-өрісі кең, білімді, батыл ұрпақ елдің кемелді келешегінің кепілі болмақ!
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат