Дана халқымыз «Бірінші байлық — денсаулық» деп тегін айтпаған. Оның қадір-қасиетін айрықша ұғынып, барлық игіліктен жоғары санаған. Сол себепті «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп өсиет еткен. Өкінішке орай, денсаулықтың қадірін ауырғанда біліп жататынымыз бар. Тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы болып табылатын денсаулықты күтудің маңыздылығын адам бойына бала кезден қалыптастырудың маңызы зор. Салауатты өмір салтын ұстанып, денені үнемі шынықтырып, ширатып отыру, рухыңды шыңдау, табиғи таза өніммен қоректену, жеке бастың гигиенасын сақтау, табиғатты аялау – осының бәрі де денсаулыққа қызмет ететінін естен шығармаған абзал.
Осы аптада «Жастар Отанға» партиялық жоба аясында Талғар ауданының жастар ресурстық орталығы» мен аудандық «Жас Отан» жастар қанаты, аудандық аурухана, Талғар аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бірлесе қаламыздағы «Тәуіп» сауда-саттық орнында «Денсаулығыңды сақтай біл!» атты іс-шара ұйымдастырды. Аталмыш шараның халық көп жиналатын сауда орталығында өткізілуі де тегін емес. Мұнда жасы үлкен егде адамдар, орта жастағылар мене жастар көп шоғырланған. Сондықтан да игі шараны өткізуге атсалысқан Талғар аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары Жанар Исаева, Әлия Жақсыбаева, аудандық орталық аурухананың денсаулық сақтау салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің оқытушы-валеолог маманы Айжан Ақылбекова мен дәрігер-валеолог Петерс С.П. жиналғандарға сырқаттың алдын-алу, жолдарына қатысты тусіндіру жұмыстарын жүзеге асырып, арнайы буклеттер мен парақшалар үлестірді. Жаз мезгілі адам ағзасына аса қажетті түрлі дәруменге толы жеміс-жидек, көкөністердің мол кезеңі болғандықтан тұтыну деңгейі де жоғары. Десек те, санитарлық-тазалық нормаларының сақталмауынан түрлі инфекциялық аурулардың белең алу қауіпі де жоқ емес. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары күнделікті өмірде жеміс-жидектерді пайдаланғанда санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығы туралы жан-жақты жеткізуге тырысты. Жыл сайынғы дәстүр бойынша гепатиттің алдын алу айлығы өтіп жатқандықтан, бұл мәселеге қатысты да дәрігерлер тарапынан маңызды ақпараттар берілді. Медбикелер Ш.Бахытова мен Р.Банекова келген адамдардың қан қысымын өлшеп медициналық қызмет көрсетті. Артериялдық гипертонияның қауіпі туралы және оны төмендетудің жолдарын түсіндірген мамандар жиналғандарға арнайы буклеттерді ұсынды.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат