Тау етегіндегі Талғар алыс-жақындағы сынай қараған көршілеріне сыр бермей, береке-бірлікті сақтаған қалпын бұзбай отыр. Көп ұлттың өкілі мамыражай өмір кешкен аймақта тұрғындар бау-бақша баптап, мал өсірумен қатар жеке кəсібін нəсіп еткен жандармен де қазанын тасытып, берекесін асырмаса да абыройлы істерімен көзге түсіп келеді.
Бесігі еңбекпен түзелген ауданның биылғы тірлігі де бұрынғы ағысынан жаңылған жоқ. Осыдан үш ай бұрын ауданымызға жаңа басшы тағайындалып, əр жылдары əр түрлі салада өзіне жүктелген міндетті тиянақты əрі абыроймен атқарған білікті азамат Рыскелді Сатбаев келген еді.
Алдымен ауданға қарасты округтердің, кəсіпорындардың, ауылшаруашылық құрылымдарының тыныс-тіршілігімен танысып барып жұмысын бастаған əкімнің қоғамдық кеңес алдында есеп беретін сəті де келіп жетті. Жуырда аудан əкімдігінде өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аудан əкімі Рыскелді Ахметқалиұлы күн тəртібіне қойылған мəселе бойынша ағымдағы жылдың алты айына қорытынды
жасады. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалимолда Байболов ашып, жүргізген кеңеске мүшелерімен қатар, аудандық мəслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалының бірінші орынбасары М.Ермағанбетова, аппарат басшысы А.Ашимахунмен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Өз сөзін Елбасымыздың Жолдауы мен атаулы бастамаларын насихаттаудан бастаған аудан басшысы ары қарай өңірдің жалпы əлеуметтік жай күйіне, атқарылып жатқан жұмыстар ретіне жеке-жеке тоқталды. Оның ішінде қуантарлық жаңалық, аудан аграрлық аймақ ретінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіруден облыс көлемінде 5-орынды иеленіп, өнім көлемін 6,9 млрд. теңгеге жеткізген. Егін шаруашылығында да ілгерілеушілік байқалып, 33,9 мың гектар егіс алқабының 13,7 мың гектарына дəндік-дақылдар, 4,9 мың гектарына майлық дақылдар, 3,8 мың гектарына картоп, 2,7 мың гектарына көкөніс, 220 гектарына бақша дақылдары жəне 8,5 мың гектарына жем-азықтық дақылдар отырғызылған. Үстіміздегі жылы 45 га алқапқа жеміс-жидек дақылдарын отырғызу жоспарлануда, оның 5 га «Апорт» сорты, 40 га қарқынды бақ. Қазіргі таңда 15 га қарқынды бақ, 4 га «Апорт» сорты отырғызылған.
Алматы қаласы мен аудан тұрғындарын көкөніс өнімдерімен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында ауданда жалпы көлемі 4,55 га құрайтын 23 жылыжай шаруашылығы жұмыс жасайды. Бүгінгі күнге көшеттер отырғызылып, 122 тонна өнім алынды. «Ауылшаруашылық кешендерінің дамуы» туралы мемлекеттік бағдарламасының аясында 2 ауыл шаруашылық кооперативтері құрылды. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша жалпы құны 4,7 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылуда, нəтижесінде 60 адам жұмыспен қамтылады деп болжануда. Аудан тұрғындарының тұрмысын жақсарту, Елбасының тапсырмаларын қысқа мерзім ішінде сапалы орындау – басты міндет.
Үстіміздегі жылдан бастап Талғар қаласы мен барлық ауылдық округтерде төртінші деңгейлі бюджет енгізіліп, тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде. Осы жəне жол-көлік, кəсіпкерлік, денсаулық, білім мен мəдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық салаларында жасалған жəне алдағы уақытта жасалатын жұмыстар жөнінде жан-жақты айтылды. Ұсыныс, тілектерге кезек берілгенде ауылдың кемесін өрге сүйреп жүрген азаматтар Н.Сəрсеков, М.Бекбосынов, М.Сиқымбаева, Т.Саудабаев, И.Тохтахунов, Г.Батырбекова сөз алып, көкейде жүрген сауалдарын жеткізді. Қайқайсы да аудан абыройының аласармауына атсалысып жүргендіктен, ауданға қатысты бірқатар əлеуметтік мəселелерді аудан басшысына жеткізді. Барлығын зейін қойып тыңдаған Рыскелді Ахметқалиұлы көтерілген ұсыныстар бойынша жұмыстар жасалынып жатқанын алға тартып, жауапты сала басшыларына тапсырма беретіндігін жеткізді. Өңір басшысының баяндамасын кеңес мүшелері қанағаттанарлық деп бағалады. Жиын соңы көңілді нотада аяқталды. Кеңес төрағасы Қ.Байболовқа «Астананың 20 жылдығына» арналған мерейтойлық медаль салтанатты түрде табыс етілді. Қай саланы басқарса да бедел биігінен түспеген марапат иесі саналы ғұмырын аудан абыройына арнайтынын жеткізді.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».