Еліміздің барлық аймақтарымен қатар Талғар ауданында да құрылған қоғамдық кеңес ел мүддесін ескеріп, билік пен халық арасындағы сенімді, мықты көпірге айналып отыр. Кеңес мүшелері бірінші күннен-ақ өзінің тікелей міндетін орындап, жергілікті жердегі күрмеулі мəселелерді шешудегі белсенділіктерін танытты. Қоғамдық кеңестердің құрамына əртүрлі органдарда қызмет атқаратын ауданымыздың белгілі азаматтары мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері кірді. Мақсаты, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысты қоғамдық маңызды мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру болып табылады.
Жуырда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Отырысты аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалимолда Байболов ашып, жүргізіп отырды. Аталған жиынға қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар, аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, Талғар қаласы мен ауыл әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында отырыстың күн тәртібі мен регламенті бекітілді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Меруерт Азилкияшева баяндама жасап, 2018 жылдың 1-2 тоқсанында атқарылған жұмыстары мен жыл соңына дейінгі жоспарлары туралы есеп берді. Күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша қоғамдық кеңес мүшелері Қайнар ауылдық округінің әкімі Жандос Ясиновтің 2018 жылдың 1-2 тоқсанында атқарылған жұмыстары мен жыл соңына дейінгі жоспарлары туралы есебін тыңдады. Баяндамашыларды мұқият тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелірі ой-пікірлерін ашық білдіріп, бірқатар мәселенің басын ашты. Гүлдала, Қайнар ауылдық округтеріне қатысты мәселе бойынша аудандық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Досжанов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы Асқар Шамаев, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Сұлтан Молдажановтардың қосымша баяндамалары тыңдалды. Күн тәртібіндегі 1-2 мәселелер бойынша округ әкімдерінің есептері назарға алынып, ұсыныс шешім қабылданды.
Күн тәртібіндегі 3-ші мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Берікгүл Сейітованың терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу бойынша насихаттау жұмыстары туралы хабарламасы тыңдалып, осы мәселе жөнінде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржан Оралханова мен Талғар аудандық ішкі істер басқармасы ювеналды полиция тобының аға инспекторы Ақмарал Нұрмұханбетова қосымша хабарлама жасады. Кеңес отырысында аудан көлемінде терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу бойынша Талғар ауданына жуырда бас имам болып келген Мұсабек Тағанұлы қосымша хабарлама жасап, өз ойымен бөлісті. Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жаден Байсбаевтың баяндамасымен танысқан кеңес мүшелері әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар назарға алынып, мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға, мемлекеттік қызметтерді көрсету және аудандағы мемлекеттік мекемелердегі азаматтарға тұрақты түрде арнайы жағдайлар жасалуын ұсыныс етіп енгізді. Баяндамашыларға қоғамдық кеңес мүшелері көкейтесті сұрақтар қойып, нақты жауаптар алынды. Қоғамдық кеңес жұмысын қоғамдық кеңес төрағасы Қалимолда Байболов қорытындылап, атқарылып жатқан игі істер жайын тілге тиек етіп, болып жатқан өзгерістерге тоқтала отырып, игі жақсыларды еліміздің, Талғар ауданының көркейіп, дамуы жолында аянбай жұмыс істеуге шақырды.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА,
«Талғар».