Өз-өзіңді жетілдіргің келсе, жаңа орталыққа кел

Өз-өзіңді жетілдіргің келсе, жаңа орталыққа кел

«Рухани жаңғыру»  бағдарламасы бойынша «Талғар аудандық кітапханасы» МКМ-де коворкинг – орталығының тұсауы кесілді. Шараға Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Мамырбекқызы, «Нұр Отан» партиясының Талғар аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова,Талғар қалалық балалар музыка мектебінің директоры Гүлбағила Мұсабекқызы мен мектеп ұжымы,  мәдениет қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, ауданда қызметте жүрген жастар, жергілікті газеттің журналисі, кітапхана қызметкерлері қатысты.

«Коворкинг» сөзі «бірлесе жұмыс жасау» деген мағынаны білдіреді. Заманауи орталық келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік береді. Біздің кітапханада жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған: ыңғайлы үстелдер мен орындықтар, жұмыс орындарының ауқымды саны, бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаңдар, ақысыз Wi-Fi, жедел интернет, Skype арқылы сұхбаттасу, принтерлер мен сканерлер.

Жобаның басты мақсаты —  барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапханалардың жаңа заманауи үлгісін құру болып табылады.


Коворкинг орталығының ашылуы — аудан кітапханалары үшін, жаңа пайдаланушыларды тартуға және жаңа жұмыс түрлерін еңгізуге мүмкіндік беретін технологиялық жетістік. Кітапханадағы коворкинг орталығы – достарыңмен, ниеттестеріңмен қатынасуға, компьютермен жұмыс істеуге, ұнаған кітабыңды оқуға, жаңа қызықты үйренуге, ойнауға, өз шығармашылық қабілеттеріңді арттыруға мүмкіндік беретін жер. Бұл жерде іскерлік кездесулер, пікірталастар, клубтар, мастер-класстар, курастар, тренингтер ұйымдастыруға болады. Ең маңыздысы – коворкинг орталықтың барлық қызметтері — тегін. Ауданымыздың тұрғындарын аудан кітапханасында орналасқан коворкинг-орталығына шақырамыз.

Р.Токарзаева,

оқырмандарға қызмет

көрсету бөлімінің меңгерушісі.