Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен «Жастар синергиясы — бірлік энергиясы» форумы өткенінен көпшілік хабардар. Форумға ҚХА Төрағасының орынбасары И.Салжанов бастаған ҚХА, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелері мен республиканың барлық өңірлерінен 200-ге жуық делегат қатысқан-тұғын.
Аты да, заты да ерекше жобаның жарқын идеяларымен Талғар ауданының политехникалық колледжінің студенті Нұрбек Жолмағанбетов те танысып қайтты. Облыстық делегацияның құрамымен бас шаһарға барып, тың бастамаларды көріп, қанаттанып қайтқан Нұрбектің мақсат-мұраты айқындала түскенін байқадық.
- Форумға Қазақстандағы әртүрлі жобалардың авторлары, қолөнершілер, жас кәсіпкерлер қатысты. Астана төрінде бас қосқан замандастарымның жарқын жобалары маған қанат бітіргендей болды. «Табысты жобалар шеруі» және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобалары бойынша бірнеше тақырыптар тыңдалды. Қатысушылар түрлі сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Жалпы форумның мақсаты — жобаларын сәтті жүзеге асырған ел жастарының көпшілікпен тәжірибелерімен бөлісуі болғандықтан шара діттеген мақсатына жетті деп ойлаймын,- дейді Нұрбек.
Астананың 20 жылдығына тұспа-тұс келген форумның болғанынан бергені мол дей аламыз. Жалынды, жігерлі істерімен тау қопаруға дайын жастарға ой салып, алдағы жоспарларына жол түзеп беретін жобаның басты идеясы – ауызбіршілік, бірлік, татулық. Әр өңірден келген жастар бір тудың астына жиналып, емен-жарқын араласып, ел болашағы өздері екендіктерін сезінуі – жауапкершілік жүгін нығайтса керек. Кәсібінің нәсібін көріп жүрген тәжірибелі мамандар болса «Арманыңнан бас тартпа» деп, жастардың жүрегінде құлшыныс энергиясының тетігін басқандай әсер қалдырыпты.
- Әсіресе, «Байсерке-Агро» агрохолдингі құрылтайшысының кеңесшісі К. Павлов заманауи ауылшарауашылығында органикалық өнімдерін өндіру жағдайындағы қолданылып жатқан инновациялар мен технологияларымен таныстыруы маған үлкен әсер қалдырды. Агрохолдинг біздің ауданда орналасқандықтан мақтаныш сезімі бойымды кернегенін жасыра алмаймын. Сондай-ақ, Алматы облысынан барған Анел Сырлыбаева «Алпамыс мектепке барады» атты мүгедек балаларға көлік айдап үйрену туралы өз бағдарламасын ұсынып, жобаны жалғастыруға сертификат алды. Н.Жайлаубаева «Суды бірнеше әдіспен тазарту туралы» тақырыбында өз ойын қорғады. Қатысушыларға тренингтер өткізіліп, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы И.Сәлжанов бизнес туралы кеңестер беріп, табыс табудың бағыттарын көрсетті. Мен бұл форумнан мақсат-мұратым нығайып қайтты. Алдағы уақытта елімнің болашағы үшін бар күш –жігерімді аямай еңбектенуді алдыма мақсат етіп қойдым. Мақсаттар айқын болса, армандар орындалатынына көзім жетті,- дейді жігерлі студент болашақ жоспарларымен бөлісіп.
Нұрбектей жастардың жанына жалау беріп, бизнес кілтінің оңай тұстарын түсіндіріп, ойларына сан алуан идеялар сыйлаған синергия талай талапты жастың томағасын сыпыратын күн де алыс екендігініне сенеміз.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат