Журналистер құрметке бөленді!

Журналистер құрметке бөленді!

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында аудан басшысы Р.Сатбаев ақпарат айдынында қалам тербеп жүрген мереке иелерін қабылдап, құттықтауын жеткізді. Көп жағдайда қоғамдық  көңіл-күй ауаны ақпарат құралдарына байланысты болғандықтан бұл күн айрықша маңызға ие.  Өйткені БАҚ өкілі  билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір, дәйекті дәнекерлер.  Сондықтан қандай құрметке болса да лайық жандар ауданның бірінші басшысының ізгі ниетіне айрықша риза.  Мемлекет мүддесі, ұлт мұраты мен ұрпақ болашағына бағытталған мақалалардың  деңгейінің артуына, көкжиегі кеңеюіне  тілектестігін білдірген Р.Ахметқалиұлы бір топ тілшілерді «Алғыс хатымен» марапаттап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Осы тілектерге аудандық мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы мен «Нұр Отан» партиясының Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Ермағанбетова да қосылып, мәслихат пен партия жұмыстарын жандандыруға белсене үлес қосқан журналистерді марапаттады.

 

Марапатталғандардың қатарында ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен байырғы журналистер М.Жанәділов пен Н.Сарғажоевтар да болды. Облыстық газеттер мен телеарналардың тілшілері де аудан әкімі марапатынан құр қалмады.

Дәл осындай құрмет-қошемет қала әкімі Жандос Әуелбаевтың да азаматтығынан танылды. Орынбасарлары Серік Дүмшебаев пен Бақыт Күрішбековтер аудандық газеттің ұжымын ақ дастархан басына жинап, ақ тілектерін ақтарып, сый-сыяпаттарын ұсынды. Қай салада болмасын басымдық танытатын қалам иелеріне  алдағы уақытта да қоғамымызды нығайтып, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қоса береді деген сенімдерін білдірді. Әкімдікке келгеніне бір жылдан енді асса да қала өмірінің гүлденуіне сүбелі үлес қосып,  халқына жақындығын танытқан  әкімнің қаламгерін де ардақтай білетінін сезінген тілшілер бір марқайып қалды.

 

М.БӨЛЕК

Талғар-ақпарат