Еліміздің ертеңi— бiлiмдi жастар. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi. Ендеше, жастар еңбек жолына түскенде ғана қоғамын өрге бастыра алады. Сондықтан, елінің ертеңін ойлаған азамат ізденіп білім алып, мамандық игеріп, өмірден өз орынын табуы тиіс.
Жуырда қаламыздағы Талғар политехникалық колледжінде диплом тапсыу салтанаты өтті. Өнеркәсіп пен ауылшаруашылығына қажетті жұмысшы мамандықтарын даярлап келе жатқан білім ордасын бұл жолы 234 студент бітіріп, үлкен өмірге қанат қақты. Әсем безендірілген колледж ауласында өткен игі шараға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Майра Ауелбекова, аудандық Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Дінмұхамед Есім, «Бақыт сарайы» мейрамханасының меңгерушісі Ирина Елишовалар қатысып отырды. Игі шара бітіруші түлектердің топ жетекшілері, топ шеберлерімен бірге ортаға енуінен басталды. Әдемі киініп, жүздерін қуаныш кернеген жастар әуезді әннің ырғағымен қол ұстаса ортаға енген соң, айбынды Әнұранымыз шарықтай шырқалып, ортаға алғашқы құттықтау сөз сөйлеу үшін колледж директоры, «Құрмет» орденінің иегері, ауданымыздың Құрметті азаматы Райхан Садықова шықырылды. Студент жастарға ақ жол тілеген колледж директоры оқу жылындағы жетістіктерді тілге тиек етіп, үздік студенттер мен оқытушыларды да ерекше атап, мақтан етті.
Содан кейін кезекпе кезек сөз алған аудандық Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Дінмұхамед Есімде бітіруші түлектерге ақжарма тілегін арнап, орталық жетекшісінің колледждің бесенді студенттеріне арнаған «Алғыс хаттарын» табыс етсе, ата-аналар атынан сөз алған Минара Ибрагимова мен Гүлмира Ғазизова балаларын оқытып, мамандыққа машықтандырған колледж ұжымына алғысын жаудырып, бағалы сыйлықтарын табыс етті. Топ жетекшілері мен топ шеберлері де өз кезектерінде ыстық ықыластарын білдіріп, студенттеріне «ақ жол» тіледі. Бітіруші түлектерге салтанатты түрде диплом тапсырылып, «Студенттердің қоштасу әнінің» ырғағымен білім ордасымен қоштасу биі биленді. Салтанатты шараны колледждің өнерлі жастары әсем ән, тамаша билерімен әрледі.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар» .