Астана қаласының 20 жылдығына арналған іс-шаралар легі толассыз өткізілуде. Мерейтой жақындағалы елін сүйген, тәуелсіздігін тәу еткен әр азамат үлестерін қосып, үлгілі істерімен бас қаланың бет-бейнесін әспеттеп жатыр. Сондай шараның бірі де бірегейі Талғар ауданында да көрініс тапты. «Астана – ұлы дала елордасы» атты денсаулық эстафетасы аясында Қарасай ауданынан бастау алған «Денсаулық туы» ауданымызға жеткізілді. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесе ұйымдастырылған шара облыстың барлық аудандарын аралап, 4 шілдеде Талдықорған қаласында өз мәресіне жетеді деп күтілуде.
Бұқаралық спортты басшылыққа алған еліміздің саламатты өмір салтын сүйетін жастары да аға буын өкілдерінен қалыспай келеді. Аталмыш шараның бас-аяғында жүрген аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығы маңызы артқан мәнді іс өз мүддесінен шығуды қадағалады. Эстафетаны қабылдап, Туды алған аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы жиналған көпшілікті айтулы бастамамен құттықтады. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөздерінде саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту, жастардың денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керектігін айтып келеді. Мұның бәрі Президенттіміздің халықтың денсаулығын сақтауға және нығайтуға көп көңіл бөлетінін көрсетеді. Бұл шара сол мақсатпен үндесіп, жастарды спортқа баулуға негізделіп отыр,- деген орынбасар сөзін шара қонақтары да іліп әкетті. Айта кетсек, аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Қ.Исабаев, алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру ісі жөніндегі орынбасар С.Телеспаев, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Успанов, аудандық спорт мектебінің директоры С.Құрақбаевтар азаматтың дені сау болуы салауатты өмір сүруді қалыптастырумен тікелей байланысты, яғни салауатты өмір салтын қалыптастыру – денсаулық кепілі екенін жеткізді. Шара барысында орталықта шатырын жайған кешенде арнайы мамандар тұрғындардың қант деңгейін, қан қысымын тексеріп, тегін кеңес берді. Аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен тәмамдалған эстафета салтанатты түрде Еңбекшіқазақ ауданына аттанды.
М.ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат