Өмір кілті – сіздерде

Өмір кілті – сіздерде

Отандық медицинаның тасы өрге домалап, алда елеулі өзгерістер мен ауқымды жобалар күтіп тұр деп айтуға толық негіз бар. Өйткені күні кеше ғана Талғар медицина колледжінің 316 түлегі  дипломдарын қолына алып, Қазақстанның медицинасына өлшеусіз үлес қосуға ант берді.  14 топтың сегізі емдеу ісінің қыр-сырын меңгерсе, қалған топ мейіргер ісіне  кәсіби адалдықтарын танытуға  дайын. Жалындаған жастардың 38-і «Үздік диплом» иегері атанып, ата-ана мен ұстаз үмітін ақтап отыр. Түлектердің ендігі мақсаты –міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасына бет бұрған  еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп, адам денсаулығына адалдықпен арашашы болу.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға бітіруші түлектердің ата-аналары мен ұстаздар қауымынан бөлек  ақын, тіл жанашыры Кәмнұр Тәлімұлы, аудандық кітапхана директоры Махамбет Хармысов, ТАжМК директоры Жақсылық Сатылғанов пен БАҚ өкілдері қатысты.  Әсем әннің ырғағында ортаға шақырылған түлектердің жарқын жүздері мен болашаққа деген сенімдері жүрекке жылулық ұялатқандай. Қай-қайсы да сапалы білім, саналы тәрбиені алға қойған 80 жылдық тарихы бар колледж қабырғасынан түлеп ұшқандарын мақтаныш санайды.  Медицина саласына терең үңіліп қана қоймай білім алудың жаңа бағытына бет бұрған білім ошағы заманауи технологияны оңды жолға қоя білгендігімен танымал. Өйткені өзге оқу орындары арасында озық тәжірибесін алға тартып, көшбасшы қабілетті ие колледжді медицина ғылымының кандидаты, аудандық мәслихат депутаты Бағжан Құдабаев басқарып келеді. Санға емес сапаға көңіл бөлетін азаматтың түлектерге деген тілегі де жарқын сеніммен ұштасып жатты.  Қанаттанып ұшқан түлектерге ақ жол тілеп, үздік оқып, колледждің ғана емес ауданның да қоғамдық жұмысына белсене араласқан бір топ жасты «Алғыс хатымен» марапаттады. Тәрбиелі, саналы ұрпақ өсірген ата-аналар да марапаттан құр қалмады. Сөз алған кеш қонақтары да тәуеліз елдің түлектеріне ақжарма тілектерін айтып, үлкен мамандық иегерлері атанып отырғандарын жүректерімен сезініп, еңбектерінің жануына ниет білдірді.  Әнмен әрленіп, бимен көмкерілген кеш тізгінін ұстаған колледждің жас ұстаздары Еркебұлан Қызырханов пен Жанерке Жолдыбай жүргізушілік қабілеттерінің шыңдалғанын байқатты. Осы кештің жарқын да есте қаларлықтай өтуіне сепігін тигізген аталмыш оқу орны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жандос Самбетов пен музыкант ағайлары Ернат Кенжебаевтарға түлектердің алғысы шексіз.

Медицина қауымдастығына өз еріктерімен кіріп, дәрігерлік парыздарын ар-ожданына сүйеніп атқаруға ант берген түлектерге дипломды білім колледж директоры Бағжан Әкімбайұлы мен оқу ісі жөніндегі орынбасары Күлмира Белғожақызы салтанатты жағдайда табыс етті.   Еңбек жолының басталуына сеп болар басты құжаттарын  алған жас мамандар жасампаз қазақ елінің әр азаматын дәрігерлік шипаларын аямай аялы алақандарымен әлдилей бермек. Қанша  жерден техника дамып, роботтар адам әрекетін алмастырып жатса да ауру адамға дәрігердің күлімсіреген жүзі, жылы сөзі мен аялы алақанынан артық ем жоқ. «Жақсы сөз жанға дауа».  Түлектердің кейбірі алысқа ұзамай-ақ «Дипломмен ауылға!» жобасы бойынша еңбек етуге мүдделі.  Қай жерде еңбек жолын бастаса да бастысы адал әрі әділетті маман болса екен деген тілекпен тарастық.

М.ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

Талғар-ақпарат