23 маусым – мемлекеттік қызметкерлер күні

23 маусым – мемлекеттік қызметкерлер күні

АЗАМАТ КЕЛБЕТІ

Халық үшін қызмет етіп, қоғамның ілгері дамуы үшін бар күш-жігері мен қуаткүшін жұмсауды өзіне міндет етіп қойып, сол жолда абырой биігінен көрінетін азамат жігіттер ел арасынан қадау-қадау болса да кездесіп қалады. Соның бірі – осы Талғар ауданында 1991 жылдан бері түрлі салада еңбек етіп, қашан да абырой мен беделге ие болып жүрген, бұл күндері Қайнар ауылдық округі əкімінің орынбасары болып қызмет ететін Бекəли Түңлікбаев есімді азамат.

Бекəли Түңлікбаев 1991 жылы Талғар қаласындағы қалалық жылу қазандығы бар «Жылу жəне қуат өндіру» кəсіпорнына инженер болып келгенде, көп нəрседен хабары бар тəжірибелі маман еді. 1986 жылы Алматы энерго-құрылыс техникумын бітірген Бекəли жолдамамен Екібастұз қаласындағы үлкен кəсіпорындарда еңбек етіп, көп нəрсені көрген ысылған маман болатын. Ол кез Қазақстанда жекешелендіру мен оңтайландырудың қызу жүріп, жұмыс жасап тұрған завод-фабрика, кəсіпорындар мен мекемелер түгел жұмысын тоқтатып, екі қолға бір жұмыс таба алмаған халықтың сенделіп қалған тұсы еді. Міне, сол кезде күрмеуі көп жұмыс барысында бəрін де сабырлы мінезіне салып шешетін Бекəли 2002 жылы Талғар ауданының Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жəне автомобиль жолдары бөлімінің бастығы болып жұмыс жасады. Сол кезде біріне тартса, біріне жетпейтін аудан бюджетінен бөлінетін қаржыны су, жылу, жол жөндеу саласына тең етіп бөлу Бекəли Бектұрсынұлы бастаған мамандардың міндеті болатын. Сол кезде жастық жігері мол Бекəли бəрін де оңтайлы етіп шешуге тырысатын. «Қоғамның алға басуы – озық ойлы мамандар қатарының өсуіне тікелей байланысты» – деп бір қытай ойшылы айтқандай, сол бір қиын кезеңдерде жан-тəнімен құлшына жұмыс жасаған Бекəли да адал еңбегімен халық көзіне ілікті. 2013 жылы Қайнар ауылдық округіне бас маман болып барған Бекəли 20000ға жуық халық тұратын, 11-ауылдық округтен тұратын Қайнар, Еркін, Жаңалық, Еламан, Сақтан, Тереңқара, Жаңаарна, Дəулет ауылдарымен жүйелі жұмыс жасады. Еркін ауылының тұсынан бой көтерген Көктал ауылы осыдан 10-12 жыл бұрын қу мекиен жазық дала еді. Сол жерге үй сала бастаған тұрғындардың электр жарығы мен су құбырының сметалық жобасын облыстық комиссия алдында дер кезінде қоя білген Қайнар əкімшілігі бұл мəселені тез шешті. Жаңбыр жауса ми батпаққа айналатын көшелерге де тас төсетіп, сосын уақыт создырмай асфальттап берді. Ауданнан шалғай жатқан Жалғамыс, Еламан ауылдары бұл күндері түп-түзу көшелері бар, дүкен, сауда орындары мен əдемі екі қабатты көрікті мектептері бар ажарлы ауылға айналған. Міне, осының бəрінде де тəжірибелі маман Бекəли Түңлікбаевтай іскер азаматтың маңдай тері мен қажырлы еңбегінің ізі жатыр. Қазір округтегі сегіз ауыл тереңдігі 250 метрден шығатын артезиян құдығының тұщы суын ішіп отыр. Ауыл тұрғындары Алматы мен Талғар қалаларына автобустармен екі мезгіл қатынайды. Кез-келген мəселелерді халықпен ойласа отырып, ақылдаса шешетін Қайнар əкімдігінің Бекəли бастаған мамандары өздерін халықтан биік қойып көрген емес. Əманда, абырой-атақ пен бедел адамға сіңірген еңбегімен, төгілген терімен келетіні белгілі. Елге еңбегімен танылған Бекəли Түңлікбаев қашан да халықпен бірге.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».