БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ШАТТЫҚ СЫЙЛАДЫ

БҮЛДІРШІНДЕРГЕ  ШАТТЫҚ  СЫЙЛАДЫ

Айт мерекесінің екінші күні, яғни 16 маусымда Гүлдала ауылының орталық мешітінің жамағаты ауыл-аймақтың 700ге жуық бүлдіршініне шуақты мереке сыйлады. «Жақсылық жасасаң балаға жаса», «жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дегендей, жаздың жайма шуақ күні ұйымдастырылған игілікті іс-шараға кішкентай балдырғандармен бірге ата-аналары да келді. Жиналғандар алдында алғашқы болып сөз алған мешіттің бас имамы Исмайл Бакиев Рамазан айының қадір-қасиетін, хақ дініміздің құндылықтарын Құран кəрімнің асыл аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінен сусындата отырып салихалы сөзбен жеткізді. Дүйім жұртты ораза айт мерекесімен құттықтаған ауыл имамы елді береке-бірлікке үндеді. Осыдан соң ойын-сауықты тағатсыздана күткен кішкентай бүлдіршіндер мешіт ауласында орнатылған екі бірдей батутта, əткеншек пен жылжымалы паравозда алаңсыз асыр салып ойнады.

«Бірлік бар жерде, тірлік бар» демекші, бұл күні 1500 балмұздақ тегін таратылып, балалар тəтті тағамдар мен жеміс-жидекке, түрлі сусындарға қарық болды.

Мешіт жанындағы Құран курсын оқытатын ұстаз Ярмұхаммед Данахунов ислам дініне қатысты танымдық викториналық сайыс өткізіп, сұрақтарға дұрыс жауап берген балалар естелік сыйлықтармен марапатталды. Осылайша, түс ауа басталған қайырымдылық шарасы кешкі сегізге дейін жалғасып, ауыл балалары көтеріңкі көңіл-күймен, шадыман шаттыққа кенеліп тарқасты. «Мейірімділік – жүректен» деп тегін айтылмаған. Жан дүниесі бай, қолы ашық, жүрегі мейірімге толы адам ғана өзгеге жақсылық жасауға ынтық болып тұрады. Бар жақсылықты балаларға көрсетіп, олардың жан-жақты тəрбиелі, саналы болып ер жетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің келешегі кемелді болмақ. Гүлдала ауылы мешітінің бас имамы Исмайл Бакиев сынды иманжүзді азаматтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған игі шара көпке үлгі болса екен дейміз. Сауапты іске үлес қосқан барлық мұсылман бауырларымызға Алла разы болсын!

Райхан АЗИМОВА,

«Талғар».