Шығыс даналығында: «Адастыратын мың жол бар, ал, адастырмайтын бір-ақ жол – ол шындық жолы» деп айтылған құнды пікір бар көрінеді. Бұл күндері Талғар аудандық ішкі істер басқармасының қылмыстық істерді іздестіру бөлімінің бастығы, полиция майоры Бақытжан Байбосынов 2001 жылы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясын бітірген. Сол жылы жүрек қалауымен Алматы қаласындағы ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түседі.
«Əке көрген оқ жонар» демекші, Бақытжанның əкесі Мұсажан Байбосынов Кеген, Шелек, Еңбекшіқазақ аудандарында ұзақ жыл өрт сөндіру бөлімшесінің бастығы болып, зейнет демалысына полковник шенімен шыққан кісі еді. Ол кісі де баласының заң саласында қызмет еткеніне қарсы болған жоқ, үнемі ақылкеңесін беріп, жөн сілтеп отырды. 2005 жылы Бақытжан Байбосынов Талғар қаласындағы ішкі істер басқармасының «Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөліміне» қатардағы қызметкер болып келгенде, əлі тəжірибесі жоқ жас лейтенант еді. «Көрекөре көсем боларсың» демекші, жас жігіттер мен балауса қыздарды қыршынынан қиятын есірткі тасымалдаушы мен оны сататын əккі қылмыскермен күрес үстінде ол шынығып, мол тəжірибе жинақтады. Əсіресе, осы қалаға келіп, ажал ұрығын жымысқы жүрістерімен білдірмей сататын сыған əйелдерімен күресу оңайға түспейтін. 2005-2007 жылдары осы қалада есірткі сатумен айналысатын екі сыған əйелі мен оның жандайшаптарын ұстау полиция қызметкерлеріне қиындық келтірді. Əккі қылмыскерлер жиі-жиі пəтер ауыстырып, Алматы мен оның төңірегіндегі қалаларда да көп тұрақтамай, қоянның жымындай шиыр-шиыр əр жерден бір із тастайтын. Ақыры, Талғар қаласы шетіндегі «Автобаза» деген аймақта ескі бір үйді жалға алған төрт қылмыскер қолға түсті. Оларды күні-түні бақылаған полиция жігіттері түн жамыла келіп, есірткіні алушылар сол үйде бас қосқанда тарпа бас салып, қылмыс үстінде ұстады. Сол үйден бір келіден астам күшті героин ұнтақтары табылды. Сөйтіп, Қазақстан елінде ғана емес, көршілес Қырғызстан жерінде де есікрткі бизнесімен ойран салған қылмыскерлер тұзақталып, алды 10 жылға, арты 7 жылға сотталды.
«Өмір – үлкен мектеп». Содан кейінгі жылдары Талғар қаласы ішкі істер бөліміндегі кəмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі бөлімге ауысқан Бақытжан Мұсажанұлы бұл бөлімде де аянбай еңбек етті. Балалықпен аяғын шалыс басатын əр мектептегі «қиын балалар» тобымен қоян-қолтық жұмыс жасап, олардың жақсы азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосты. 2013-2017 жылдары Талғар ауданындағы криминалдық полиция бөліміндегі істеген төрт жыл оған көп пайдасын тигізді. Күн сайын қылмыс əлемінің қасқырларымен, түрлі ауыр қылмыс жасайтын бұзақылармен, түнде жортатын қарақшылармен бетпе-бет келу оңай емес-ті. Күн-түн демей жортуылдап, сан түрлі қылмыстарды ізін суытпай тауып, оларды заң алдында жауап беруге мəжбүрлейтін полиция жігіттері өздерін халық тыныштығын сақтауда зор үлес қосып жүргенін мақтан ететін. Бақытжан осы жерде жүріп аудандық қылмыстық істерді іздестіру бөлімінің тəжірибелі жігіттері Умаров Айдар мен Жолдыбаев Бауыржаннан көп нəрсені біліп, ойына түйді. Əсіресе, 2016 жылы «Арман» мөлтек ауданындағы қарапайым кəсіп иелерінің үйіне түсіп, ол үйден 16000 АҚШ долларын ұрлап кеткен қарақшыларды ұстау да оңайға соқпады. Алматыдағы «Думан» ықшамауданына Шығыс Қазақстан облысынан көшіп келген ағайынды екі жігіттің бірі қала базарының бірінде ұрлықтан түскен киім-кешектерді арзан бағаға сатып тұрған жерінде қолға түсті. Үйлерін тінтіп қарағанда əлгі үйден ұрланған қымбат заттар да табылды. Қылмыстары дəлелденген екі жігіт 6 жəне 5 жылға сотталды. Бақытжан Байбосынов қазір қылмыстық істерді іздестіру бөлімінің бастығы. Шені – майор. Кеудесінде «Ішкі істер қызметінің үздігі», «ҚР ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарының «10 жыл», «15 жыл» белгілерін таққан полиция майоры Бақытжан Байбосынов бұл күндері халық тыныштығын күзету саласында жемісті еңбегімен көрінуде. 33 жасар жігіттің өзін көрсетер кезі алда екеніне əріптестері сенімді.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».