«Тəрбие басы – тал бесік» деген тəмсілді берік ұстанған бұрынғының адамдары ұрпағының бойына алдымен адамгершілік дəнін себетін, адами қасиеттердің қалыптасуына назар салатын. Олар үшін баласының адам болғаны маңыздырақ-тұғын. Əңгімемізге арқау болып отырған Талғар аудандық кітапханасының директоры Хармысов Махамбет Қасымқанұлы да кеңестік дəуірде ержетіп, солақай саясаттың соқпағынан өтсе де осы уақытқа дейін ұлтының қадір-қасиетін естен шығарып көрген емес.
Атасы берген тəрбие, əкесі айтқан ақыл – қазақ деген халықтың ұлы екенін, сол халыққа қызмет ету басты борышы екенін санасына шегелеп тастаған. Бүгінде Махамбет аға тəлімді тəрбие берген атаанасына деген алғысы шексіз. Өйткені қай қызмет жүктелсе де, қабілет-қарымын жоғары деңгейде танытып, сол саланы жетістікке жетелеп кететін жігерлі жұмыстары жетіп артылады.
Алматы облысына қарасты Панфилов ауданында дүниеге келіп, білім алып, еңбек жолын да сол өңірде бастаған кейіпкеріміздің басты девизі – адалдық пен шыншылдық. Мұғалімдер жанұясында өсіп, ержетуі де осы қасиеттің бойынан табылуына бірденбір себеп десек артық айтқандығымыз емес. 1986 жылы қой совхозында экономист болып бастаған қызмет жолы білімі мен пайымының, біліктілігі мен жігерлілігінің арқасында жоғарылай берді. 1997-2004 жылдар аралығында аталмыш аудандағы №19 кəсіптік мектепте пəн мұғалімінен кəсіподақ төрағасына дейін көтеріліп, сол саланы игілікті істерімен жандандырып кетті. 2004 жылы Талғар ауданына қоныс аударып, аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінде əдіскер болып қызмет етті. Бұл салада да жетістікке жетелейтін жекелеген істері көптің көңілінен шыққан. Өз кəсібінің жай-жапсарын жетік біліп, қыр-сырын үздік меңгерген маманды 2009 жылы аудандық кітапхананың басшылығына тағайындайды. Мəртебелі мамандықтардың бірі саналатын кітапхана ісінің күрделілігін көкейге түйсе де, нағыз рухани қазынаның ортасына түскеніне
қуанды. Кəсібіне адал Махамбет аға бəз біреулер секілді болмай, күйбең тірліктің күйкі мəселесінен биік тұрып, бойын аулақ ұстады. Қарапайымдылығынан айнымай, барлық ынтасымен өз міндетін қалай да жақсы орындауға талпынды жəне ол өз нəтижесін берді де. Жуырда ғана ауданымызға арнайы іссапармен келген облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев кітапхана басшысы Махамбет Қасымқанұлын «Кітапхана ісінің үздік шебері» төс белгісімен марапаттады. Əрине, бұған дейін алған марапаттары аз емес еді. Түрлі саланың «Алғыс хаттары», М.Шахановтың қолынан «Желтоқсанның 30 жылдығына» арналған, сондай-ақ «Отан патриоты» медальдарынан бұл төсбелгінің орны тым бөлек еді. Кітапхана ісін оқырмандар қызығатындай заманауи тілде сөйлетіп, электронды форматқа көшірудегі қажырлы ісі жемісін берді деген осы болар. Елбасы тапсырған міндеттердің дер кезінде орындалуына назар салып, жанжақтылығымен көзге түсіп жүрген қазына ордасының ұжымы да еңбектерінің еленіп жатқанына дəн риза. Білікті басшы Махамбет аға отбасында да өзгеге үлгі дерлік азамат. Сүйікті жары Мария жеңешеміз екеуі төрт қыз, бір ұл өсіріп, ұрпағының баба жолынан таймауына бар тəрбиелерін төгіп келеді. Ұжымының да, отбасының да ынтымағын біріктіріп, берекесін кіргізіп жүрген Махамбет Қасымханұлына да алар асуыңыз арта берсін дейміз!
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».