НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

НЫСАНДАРДЫ  АРАЛАДЫ

Күні кеше ауданымызға Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының мемлекеттік испекторы Ахметов Жайсан Қуатұлы жұмыс сапарымен келіп, ауданымыздағы бірнеше нысанды аралап көріп, ауданымыздың тыныстіршілігімен танысқан болатын. Жайсан Қуатұлын аудан əкімі Рыскелді Сатбаев қарсы алып, аудан əкімінің орынбасарлары, қала əкімі, бірқатар бөлім басшыларымен бірге нысандарды аралауға бастап жүрді.

Жұмыс тобы бірінші кезекте Талғар қаласындағы Талғар ГЭС-на атбасын бұрды. Ондағы қалпына келтіру жұмыстарымен таныстырған «Алматы Инжинеринг» компаниясының мамандары жоба сызбаларын ұсынып, Талғар өзенінің арнасын қалыпқа келтіріп, басқа да құрылғыларды жаңартып жатқандықтарын алға тартты. Қалыпқа келтіру жұмыстарын биылғы жылдың қараша айына дейін аяқтауды жоспарлап отырған компания жобаны іске қосқан жағдайда Талғар қаласының жартысын электр энергиясымен, барша талғарлықтарды сапалы ауыз сумен қамтып, қосымша жұмыс орындарын ашатынын жеткізді.


Содан  кейінгі кезекте жұмыс тобы Талғар қаласының Абай көшесіндегі жеке қолдан мемлекет құзырына қайтарылған 300 орындық балабақшаны көріп қайтты. Жер көлемі бір гектарды алып жатқан балабақшаны Ярослав Сабырбаев деген азамат мемлекетке қайтарып берген-ді. Ғимарат көлемі 2300 шаршы метрді құрайды. Бұл балабақшаны Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалыпқа келтіріп, ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Жайсан Қуатұлы балабақшаны аралап көріп, ғимарат пен ауласын тоздырмай сақтап келген азаматқа ризашылығын жеткізіп, балабақша күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілсе нұр үстіне нұр болатынын айтты. Жайсан Қуатұлы қаламыздың шағын аудандарының бірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген спорттық алаңды да көріп қайтуды жөн санады. «Технодом» АҚ-ның қаржыландыруымен салынған спорт алаңындағы арнайы жаттығу құрылғылары мен жерге төселген резина плиталардың тұрғындар қауіпсіздігі үшін тиімді жасалғаны көңіл қуантты. Бұл күнгі жұмыс сапарының соңында Жайсан Қуатұлы «Керуен Плюс» ЖШС-де болды. Жұмыс тобын қарсы алған аудан əкімдігінің ауылшаруашылық жəне кəсіпкерлік бөлімдерінің басшылары арнайы стенд тақталарға жинақталған мəліметтер арқылы ауданымызға тартылып жатқан ірі инвестициялық жобалармен таныстырды. Үстіміздегі жылы ауданымызда құны 5,5 млрд. теңге болатын 9 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Ауылшаруашылық саласы бойынша құны 4,7 млрд. теңге болатын 6 жоба, өндірістік сала бойынша құны 0,8 млрд. теңге болатын 3 жоба іске асып, 235 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Барлық жобалармен жеке-жеке танысқан соң қонақтарды «Керуен Плюс» ЖШС-нің директоры Мұстафа Эроглу мен орынбасары Айдын Каташев кəсіпорын жұмысымен таныстыруға бастап жүрді. Қаламызда 2016 жылы іске қосылған кəсіпорын бүгінде 141 адамды жұмыспен қамтып, Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Тəжікстан мемлекеттеріне пластиктен жасалған өнімдерін ұсынып келеді. Кəсіпорынды аралап көрген Жайсан Қуатұлы ондағы озық технологиялар арқылы өндіріліп жатқан сапалы өнімдерге қызығушылық танытып, кəсіпорын басшыларына кəсіптерін кеңейтіп, еліміздің басқа да аймақтарында жұмыс жасауды ұсынды. Жұмыс сапары соңында барлық əкім орынбасарлары мен бөлім басшыларына халыққа адал қызмет етіп, өз міндеттерін абыроймен атқаруды тапсырды.

Перизат НҰРҚАЕВА,

«Талғар».