Бүгінде «Нұр Отан» партиясы бағдары айқын, даму барысы дараланған, биіктігімен бағаланып отырған шынайы демократиялық үрдістерге сай партия ретінде ерекшеленуде. Биліктің тізгінін өз қолына алған партияның елімізде ұлттың болашағы үшін тынбай жұмыс жасап жатқан бірден-бір партия екені баршаға мәлім. Партияға жетекшілік етіп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен сарабдал саясатының арқасында еліміздің қуаты артып, әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Жетекші партияның бүгінгі таңда көшбасшылығы айқын көрінуде. Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауында да «Нұр Отан» партиясының жұмысына басымдық беріп, қоғам тынысындағы күрмеуі қиын мәселелерге партияның араласуына жол ашып келеді. Соның негізінде «Нұр Отан» партиясына қарасты филиалдардың жұмысы жанданып, партия мүшелерінің жүйелі жұмыстарының арқасында тұрғындардың әлеуметтік, экономикалық мәселелері оңтайлы шешілуде. Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктегеннен кейінгі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде «Нұр Отан» партиясының Талғар аудандық филиалы да халықпен етене араласып, азаматтардың талап-тілектерін, шағымдары мен мұң-мұқтаждарын дер кезінде ескеріп, көптеген мәселелердің түйінін тарқатып, көкейдегі сауалдарға қашанда орынды ой, орнықты жауап қайтара алатын дәрежеге жетті. Арыз-шағымдарды қарауда құқықтық теңсіздік пен ел ынтымағына, халық бірлігіне селкеу түсіретін жайттардан аулақ болып, әділдікті ту еткен аудандық филиал тағдыр тауқыметін тартып қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың өміріне араласып, заң аясында кеңестер беріп, партия беделін асқақтата түсуде.
Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Талғар аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының ХХІІ кезектін тыс конференциясы болып өтті. Конференция жұмысына облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, аудан әкімі Рыскелді Сатбаев, аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы мен конференция делегаттары, партия белсенділері, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым, БАҚ өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысты. Қазақстан Республикасының Гимні орындалғаннан кейін аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова конференцияны ашып, жүргізді. Конференция жұмысын одан әрі жалғастыру үшін жұмысшы органдар сайланды. Жұмысшы органдар құрамының жобасы делегаттарға алдын ала таратылып берілгендіктен мандат, санақ, редакциялық комиссияларының және хатшылықтың құрамы көптің қолдауымен бекітілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Нұр Отан» партиясы Жарғысының 9.6 тармағына сәйкес Талғар аудандық филиалының Саяси Кеңес және Саяси кеңестің Бюросы мүшелері құрамына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы да саяси кеңес және саяси кеңестің бюросының жаңа құрамы делегаттарға таратылып берілгендіктен бірауыздан қолдау тапты. Бүгінгі конференцияның күн тәртібідегі ең негізгі мәселе партияның аудандық филиалының төрағасын сайлау болды. Райхан Садықованың өз өтініші негізінде басқа жұмысқа ауысуына байланысты, аудандық партия филиалының төрағалық қызметінен босату жөніндегі ұсынысы қанағаттандырылып, жаңа төраға сайлау үшін сөзді облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев алды. Ол Райхан Нұрмырзақызы төрағалық еткен бес жыл уақыт арасында партия қатарының саны 3000 адамға артып, қазіргі уақытта 7 мыңды құрап отырғанын, сол уақыт аралығында аудандық «Нұр Отан» партия филиалына демеушілердің көмегімен 2 қабатты жаңа ғимараттың бой көтеруіне тікелей ықпал еткенін, партияның материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етіп, ай сайынғы партиялық жарнаның уақытылы орындалуына ықпал етіп отырғанын, қоғамдық қабылдау бөлмесіне қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері бойынша оңтайлы шешілуіне өз септігін тигізгенін, бастауыш партия ұйымдарымен тығыз байланыста болып, партиялық жобалардың іске асуын қатаң бақылауында ұстап отырғанын тілге тиек етіп, Райхан Нұрмырзақызына шынайы ризашылығын білдірді. Содан кейін аудан әкімі Рыскелді Сатбаевтің кандидатурасын аудандық партия филиалы төрағалығына ұсынды. Конференция делегаттары аталмыш кандидаттың өмірбаянымен толық танысып болған соң, ұсынысты қабыл алып, партия төрағасын сайлады.
Жиылған көпшілік алдында сөзін жалғаған облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы тапсырмалардың іске асырылуы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін халыққа насихаттау тұрғысыда баяндама жасады.
Өз баяндамасында нұротандықтардың Елбасының стратегиялық жоспарын іске асыруда оның сенімді тірегі болып, экономикалық дамуға жоғары қарқын мен қуат қосып келе жатқандығын айта келе, Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламалық мақалалары мен үндеулеріндегі ел игілігіне бағытталған бағамды бағдарламалардың орындалуы тұрғысында сөз қозғады. Тұщымды жасалған баяндама, онда келтірілген мысал әңгімелердің өзі талайды толғандырып, көпшілікке ой салып, болашаққа деген сенімдерін нығайтты. Конференция жұмысын аудан әкімі, партияның жаңа төрағасы Рыскелді Сатбаев қорытындылап, партия мүшелерін алдағы уақытта ел игілігі үшін бірлесе жұмыс жасап, тың жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».