Атына заты сай – «Арыстан»

Атына заты сай – «Арыстан»

Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесқайнар ауылында орналасқан мамандандырылған «Арыстан» лицейі Қазақстанның ғана емес, бүтіндей ТМД аумағында теңдесі жоқ заманауи білім ордасы саналады. Лицей 2000 жылы тікелей Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігіндегі Білім қорының күшімен ашылған болатын. Аталған оқу орны ҰҚК және ІІМ сынды мемлекеттік маңызы бар құрылымдар мен ведомстволарды жоғары сапалы даярлықтағы кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында құрылған. 2013 жылдың 27 сәуір күні Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнына арнайы ат басын бұрып лицей тәрбиеленушілерін сөзбен айтып жеткізгісіз қуаныш пен шаттық сыйлаған болатын. Жуырда «Арыстан» мамандандырылған лицейінде салтанатты мереке «Лицей күні» және лицейстердің Ант қабылдау мерекесі өтті. Аталған шараға лицейдің негізін салушылардың бірі Тимур Құлыбаев, лицей қамқоршылар кеңесінің мүшелері, Талғар ауданы әкімі Рыскелді Сатбаев лицейстердің ата-аналары қатысты.

Сегізінші сыныптан кейін лицей табалдырығын аттап, үш жыл бойы тәрбие-тағылым  алған лицеистер енді өз білім, білік, дағдыларын Қазақстанымыздың Қарулы Күштері қатарында жетілдіріп, өздерінің бар саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнамақшы.    Дәстүр бойынша мереке лицей туын салтанатты  түрде алып шығумен басталды.Ту ұстаушы топ құрамы: запастағы капитан Садыков Асқар Серікболұлы және оқу үлгерімі мен сап дайындығы бойынша  11-сыныптың үздік лицеистері  Бахтияров Дамир, Бекен Жалғас, Райымбеков Алдияр «Арыстан» мамандандырылған лицейінің Туын  оркестрдің салтанатты шеруімен  енгізді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін 2018 жылдың бітіруші түлектеріне  ақ тілегін   айту үшін сөз «Арыстан» мамандандырылған лицейінің  бастығы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, Әскери ғылымдар академиясының толық мүшесі, запастағы генерал-майор Сәбит Сәуменұлы Таулановқа берілді. Сәбит Сәуменұлы: «Сіздер,  Отанымыздың қайсар да  ержүрек, ұлтжанды азаматы болып шығуларыңыз  үшін терең білім мен мықты тәрбиенің арқасында қол жеткізетінін, болашақ мемлекеттің тізгінін ұстайтын парасатты ұрпақ екендіктеріңді ұмытпаңыздар! Асар асуларыңыз биік, армандарың айқын, қадамдарыңыз нық, өмірлік жолдарыңыз ақ болсын!» –  деген тілегін білдірді. Және «Арыстан» лицейінің шәкірттерінің оқу мен спорттағы үздік жетістіктерімен келген құрметті қонақтарды таныстырды. Лицейдің  ендігі бір елеулі дәстүрлерінің бірі – 11-сынып  түлектерінің   10-сынып лицеистеріне ту тапсыру  салты. Лицей туы әскери бөлімнің жауынгерлік Туы сияқты  Ар,  Абырой, Ерліктің  символы болып есептеледі,  ол әрқашан әрбір лицеистке  оның қасиетті борышы – Отанына адал қызмет етуді, оны көзінің қарашығындай сақтап, ерлікпен қорғауды  еске салып  тұрады.

10-сыныптың үздік лицеистері 11-сынып түлектерінен  Туды салтанатты түрде қабылдап алғаннан кейін «Арыстан» мамандандырылған лицейі бастығының «2018 жылғы лицеистердің  оқуды  бітіруі мен  бітіруші түлектердің  төсбелгілері мен аттестаттарын  тапсыру туралы» бұйрығымен таныстыру үшін сөз «Арыстан» мамандандырылған лицейі бастығының  тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, запастағы  полковник Владимир Анатольевич Райхельге берілді. Бүгінгі айтулы күні  «Арыстан» мамандандырылған лицейінің 2018 жылғы  бітіруші түлектері үшін орта мектепті бітіргендігі туралы  аттестаттарын және  төсбелгілерін алу рәсімі ерекше қуанышты болмақ. Себебі Лицей түлектерінің бақытын бөлісуге аса құрметті қонақ – Қамқоршылар Кеңесінің төрағасы Құлыбаев Тимур Асқарұлы арнайы келді. Сондықтан бұл күн әрбір түлегіміздің есінде мәңгіге қалатын мерейлі күн болмақ.

Сонымен қатар мерекенің арнайы  шақырылған қонақтары қатарында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мухтаров Талғат Сәбитұлы, әскери жоғары оқу орындарының басшылары: Құрылық әскерлерінің Әскери институтының бастығы полковник Асанов Серік Досбергенұлы, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Мұстабеков Асқар Досбосынұлы, десанттық шабуылдау әскерлерінің қол басшысы Каракулов кайдар Самигулович, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы Қарулы Күштері әуе қорғанысы күштерінің генерал-майоры Исмаилов Серик Базарбекович және  ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері болды.

Мектеп бітіру – тек 11-сыныптықтар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де  ерекше күн. Ротаның ата-аналар комитетінің  мүшесіне  де  құттықтау сөз беріледі. Ақ жүректен шыққан сырларын олар да ақ бата түрінде білдірді. Лицеистер тарапынан дайындалған концерттік қойылымдар мен әскери-спорттық оқу-жаттығу қойылымдары мерекеге жиналғандарды риза етті, «көргендер де арманда, арманда оны көргендер» деңгейінде өтті.

Бүгінгі салтанатты күні 2018 жылдың мектеп бітіруші түлктеріне орта мектепті бітіру жөніндегі аттестаттар мен «Арыстан» мамандандырылған лицейінің төсбелгілері берілді. «Алтын белгі» иегерлеріне:  Гламдун Ганимжан, Салауатов Даурен, Оңғарбаев Санжарға Қамқоршылар Кеңесінің төрағасы Кулибаев Тимур Асқарұлы өз қолымен орта мектепті бітіру туралы аттестаттарын  салтанатты түрде тапсырды.

Лицей ұстаздары мен командирлері түлектердің бойында  батылдық, төзімділік, табандылық, қайсарлық қасиеттерін тәрбиелеуге, жоғары мәдениетке баулуға, патриоттық және азаматтық парыз сезімдерін дамытуға бар күш-жігерін салды. Темірдей  тәртіп пен тәрбиеленушілер арасындағы бауырмалдық қатынас арқылы  әр лицеист бойында  нағыз офицерлік қасиеттерді  ұштады. Сонымен бірге өмір бойына азық болар адамгершілікті: ұйымшылдық, көшбасшылық  және өзіне деген сенімділікті тануға жол ашты. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі мен Елбасының айтқан «Дарынды ұрпақ-өзінің тағдырын түсінетін ұрпақ» деген сөзін лицей оқушылары басты назарда ұстап, білім шыңын бағындыруға, темірдей тәртібі бар ұрпақ болуға тырысып алға ұмтылады.

Лицей түлектерінің мақсаттары айқын, қадамдары нық. Олардың әрқайсысы әскери қызметтің сан-салалы бағыттарын игереді. Алайда барлығының мұраттары бір. Елбасымыздың: «Мемлекетімізге  бойында ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет»,– деген үмітін ақтау болып табылады. Сәт сапар тілейміз, арыстандық бітіруші түлектер!

Гаухар ТҰРСЫНҚОЖА

Талғар-ақпарат