Тегін кәсіптік білім – игі бастама

Тегін кәсіптік білім – игі бастама

 Сапалы білім мен тәрбие беруді қамтамасыз ету үшін қазіргі таңда мемлекет білім саласына қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасап келеді. Себебі, ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат – ең қайтарымы мол, қайырымы кең игі шара екені белгілі. Білімнің жоғары деңгейге көтерлген заманында адамның білімі мен кәсіби біліктілігі экономика дамуының басты тетігіне айналып, мұның өзі заманауи техниканы жан-жақты меңгерген кәсіби білікті мамандардың қажеттілігін туғызуда. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында кәсіптік білім беру мәселесіне барынша басымдық беру қажеттігіне айрықша назар аударды. Жастардың білімін жетілдіру үшін қажетті жағдай жасау туралы «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Біздің жастары­мыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, техноло­гияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануы тиіс.  Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдаймен қамта­масыз етуіміз керек. Біздің басты мақсат – 2050 жылы мықты мемлекет, дамыған экономика және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру» деп  көрсетілген болатын. Осыған орай, Елбасы тапсырмасымен осы жылдан бастап жастардың жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылуда.  Мемлекет басшысы баса назар аударып отырған  баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы үкіметтің қаулысымен жылдам қолға алынып, ол үшін жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда.

Қазақстанның әлемдегі да­мыған 30 елдің қатарына кіруі үшін нақты мақсаттар жүктеді. Алдымен жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру қажеттігін басты мін­дет ретінде белгіледі. Мұнда тегін оқытумен, ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылмақ. Маңызы зор бұл бағдарлама­ның басты мақсаты – жастарға, жұмыссыз адамдарға қолдау көрсету. Өзекті мәселені жүзеге асы­рудың нәтижесінде, жастар арасын­дағы жұмыс­сыздық проблемасы оңды ше­шіліп, сауатты һәм білікті жұмысшыларды дайындау жолға қойылып келеді.

Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын одан әрі жалғастыру туралы үстіміздегі жылдың 10 – қаңтарындағы «Төртінші революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да айтылған болатын. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес қарымды қызметтер мен табысты жұмыстар атқару — басты міндет. Алдағы уақыттар еншісінде де кәсіби маман даярлау мен бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда «Баршаға арналған кәсіптік-техникалық білім» жобасы жалғасын таба беретін болады.

 

                                                                                                                   Сандуғаш Сейілбек,

ТАжМК арнайы пәндер оқытушысы.