ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ

ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы аясында

«Отан-отбасынан басталады», «Отбасының өнегесі — Отан өнегесі» деген халқымыздың ғибратты сөздері қанша уақыт өтсе де өзінің өзектілігін жоймақ емес. Өйткені отбасы барлық құндылықтардың алтын діңгегі, қоғамымыз бен мемлекетіміздің берік тірегі. Отбасы әр адамның өмірінде, қоғам мен мемлекетте ерекше маңызды орын алатыны бәрімізге мәлім. Мықты, әрі берік отбасы – кез – келген қоғамның дамуына, оның тұрақты болуына кепілдік береді. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Отбасы-Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі»- деп отбасы құндылықтарына қашан да ерекше назар аударып келеді.

«Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау болуы, әрбір некенің мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап келеміз.  Халқымыз әкені асқар тауға балаған, алдын кесіп өтпеген. «Жұмақ – ананың табанының астында» деп, анасын сыйлаған. «Бала – бауыр етің» деп, ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау – әрбір адамның қасиетті борышы.   «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді халқымыз. Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ» — деген еді Мемлекет басшысы. Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашанда көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта бес жылдан бері Елбасының Жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Биылғы жылы да дәстүрге сай бастау алған облыстық байқау өз мәресіне жетті. Байқауға Алматы облысы бойынша төрт жүздей отбасы қатысты. Олардың арасынан 38 отбасы үздіктер қатарына іріктеліп алынған болатын. Бұл байқауға Талғар ауданынан төрт отбасы қатысып, бақ сынаған еді. Солардың қатарынан Сатылғановтар отбасы мен Нұрмановтар отбасы үздіктер қатарынан көрінді.

Жуырда облыс орталығы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өткен еді. Байқауды қорытындылаған арнайы комиссия 38 отбасының сегізіне жүлделі орындарды, қалған отыз отбасына ынталандыру сыйлықтарын табыс етті. Аудан амысын арқалап барған Сатылғановтар мен Нұрмановтар отбасы ынталандыру сыйлығына ие болып, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қолынан облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен ақшалай сыйлықтарын алып келді. Бұл екі отбасы да ауанымызда өнегелі отбасылар қатарында.

Сатылғановтар отбасының тірегі Жақсылық Қасабекұлы бүгінгі таңда қаламыздағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры болып, жас мамандар даярлау ісіне зор үлес қосып келе жатқан білікті басшы. Еңбек жолын техник геодезист болып бастаған ол қашанда зор сұранысқа ие инженер мамандығы  бойынша еліміздің ауылшаруашылығы саласында біраз жылдар бойы  қажырлы еңбек етті. Ғылым мен  еңбекті қатар алып, кейінірек білім ордаларында, нақты айтқанда Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің агроинженерлік факультетінде деканның орынбасары және ҚазҰАУ-де ректор көмекшісі секілді аса жауапты қызметтер атқарған. Сонымен қатар,  ҚазҰАУ жанындағы фермерлердің жоғары мектебінің директоры,  әрі осы білім ордасында И.В. Сахаров атындағы «Көлік техникасы және тасымалдауды ұйымдастыру» кафедрасының меңгеруші болып  қызмет атқарды. Жақсылық Қасабекұлы  30-ға жуық ғылыми мақалалар мен әдістемелік нұсқаулар жариялаған. 2008 жылы «Агроөнеркәсіп кешеніндегі аумақтық — салалық кластерлерді қалыптастыру және дамыту» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. Қазіргі таңда, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің құрметті  профессоры,  ҚР ҰМЖКҒА корреспондент мүшесі, ҚР ҰМЖКҒА академигі, Д.А.Қонаев атындағы Орден иегері, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері,  Франция Республикасы Ұлттық өнеркәсіп ынталандыру компаниясының «Шапталь» Алтын төсбелгісінің иегері, «Білім беру саласында дәстүрлерді сақтап, инновацияны енгізудегі еңбектері үшін» номинациясының жеңімпазы. Отандық ғылым мен инженерлік техника секілді қос салада сүбелі еңбек етіп, зор жетістіктерге жеткен тұлға әрдайым өзінің қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Отбасында үлгілі отағасы, немерелері мен балаларының жанашары. Осындай әкеден тәрбие алған ұл-қыздары да білімнің биігінен көрініп, лауазымды қызметтер атқарып, ата-анасының мақтанышы болып келеді.

Ал Нұрмановтар отбасының отағасы Аманжол Нұрманұлы – мемлекеттік қызметкер. Он сегіз жылдық еңбек жолының он бес жылында мемлекеттік қызмет атқарып келеді. Қазақстан Республикасының кіріс Министірлігінің жетекші   маманы, ҚР Бас прокуратурасының бас маманы, Қазақстан Республикасының  туризм және спорт Агенттігінің Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз-хатшысы болып, одан кейін материалдық-қамтамасыз ету бөлімінің менеджері болып еңбек еткен. Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар Министірінің баспасөз-хатшысы қызметінде,  сол жерде Алматы облысы төтенше жағдайлар  Департаментінің инспекторы қызметін де атқарған. 2010 жылдан бастап Талғар ауданы білім бөлімінің бас маманы лауазымында,  2012 жылдан бері Талғар ауданының «Дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы болып қызмет етуде. Осы еңбек жолында абыройлы қызметі үшін көптеген мапаттарға ие болған. Атап айтқанда ҚР туризм және спорт агенттігінің Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет грамотасымен», Алматы облысы әкімінің «Алғыс хатымен», Алматы облысы төтенше жағдайлар Департаментінің «Құрмет грамотасымен», ҚР мәдениет және спорт министірлігінің «Қазақстан Республикасының спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісімен, ҚР мәдениет және спорт министірлігінің «Алғыс хатымен», Талғар ауданы әкімінің «Алғыс хатымен»  марапатталған.  Екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған отбасы ауданның бетке ұстар жанұяларының қатарынан. Балаларының барлығы да спортқа бейім. Жас отбасы болса да, ауданның мәртебесін көтеруде қажырлы еңбек етіп, көпке үлгі болуда.

«Мерейлі отбасы» ұлттық сайысы адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғыртуға, отбасы статусын көтеруге бағытталған. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».