Жылдағы дәстүр бойынша кезекті оқу жылының аяқталғанының жаршысындай соңғы қоңырау сыңғыр қақты. Еліміздің барлық білім ошағында өткен салтанатты жиыннан Талғар ауданы да қалыс қалып көрген жоқ. Білім бәйгесіндегі озық нәтижелер мен жетістіктер біздің өңірде көңіл көншітерліктей болғандықтан да, кең көлемде атап өтуге еш қысылмайды. Сандарды сөйлетсек, аудан бойынша оқу жылын аяқтаған 37627 оқушының 1365-і биылғы түлектер. 78 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып, ата-анасы мен мектебінің үмітін ақтауға талпынып отырса, 49 оқушы «Үздік аттестатпен» қуантпақ ниетте. Ал 270 оқушы негізгі мектеп курсы бойынша «Үздік аттестатқа» үміткерлер тізімінде.
Аудан әкімі Рыскелды Ахметқалиұлы мен орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы қатысқан №7 мектеп-лицейдің де жетістіктері жарқын. Такура Агильская басшылық ететін білім ошағының ашылғанына биыл 10 жыл. Оқу жылын «10 игі іспен» айшықтап, тәрбиелік мәні зор шаралармен көркемдеп аяқтады. Бала болашағы үшін бар білгендерімен бөлісіп, еңбек етіп жатқан 66 ұстаз білім сапасының көрсеткішін биікке көтеріп, мектеп абыройын аласартқан емес. Оқу жылын бітірген 877 оқушының 34-і мектептен түлеп ұшты. Олардың төртеуі «Алтын белгіге», бесеуі «Үздік аттестатқа» үміткер талапкерлер.
Салтанатты жиында сөз алған аудан басшысы оқу жылының жарқын көрсеткіштерін тізіп, білім бәсекесінің тасын өрге домалатып келе жатқан білім ошақтарына алғысын жеткізді. Сондай-ақ, түлектерге сәт-сапар тілеп, ҰБТ-дан ұтылмай, мамандықтан жаңылмай, болашақтарын дұрыс айқындауына тілекші болды. Мектеп директоры Т.Айдарбекқызы да осы тілекке қосыла отырып жыл үздіктерін марапаттап, сый-сыяпат тапсырды. «Алтын белгіге» үміткер М.Молдасанның әкесі М.Шапиев те ата-ана ретінде ақ ниетін білдіріп, білімдерін сарапта салар сынақта сүрінбеулерін тіледі. Қалыптасқан қағида бойынша 1 сынып оқушылары бітірушілерге деген бала тілектерін жыр шумақтарымен ұсынды. Артынан мектептің білім кілті табысталып, соңғы қоңырау соғылды. Қоңыраудың сыңғырлаған үнін ала мектеп бітірушілердің «Қоштасу вальсі» әуеледі. Бимен бірге балғын балалық шақ пен мектеп қабырғасындағы алаңсыз күндер бірге қалықтап, алыстап бара жатқандай әсер қалдырды. Алда үлкен сынақ, жаңа өмір, жарқын болашақ тұр. Ақ жол саған, жас түлек!
Айта кетелік, республика бойынша 147 мың 23 түлек мектеп бітіріп, оның 6 мың 985 бала «Алтын белгіден» үміткер. Жалпы саны 102 мың 442 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Елбасының бес бастамасына сай техникалық мамандықтарға қосымша 20 мың грант бөлінді.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат