Ата Заңымызда “Қазақстан Республикасын қорғау – оның əрбір азаматының қасиетті парызы жəне міндеті” деп айқын жазылған. Демек, еліміздің азаматтары заңда белгіленген тəртіп пен түрлер бойынша əскер қызметін атқару барысында бір ғана мақсатты көздейді. Ол – республика қызметінің түбегейлі қағидалары болып табылатын қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға, қазақстандық патриотизмге адал қызмет ету.
Əскери қызмет ер-азаматтардың өз елінің, Отанының алдындағы қасиетті парызы санаған жерлесіміз Еркебұлан Нұржақыпов жақында азаматтық борышын адал атқарып, əскерден келді. Ол Алматы қаласындағы «Батыр» Президент полкінің №0111 əскери бөлімінде мемлекеттік күзет қызметінде əскери борышын атқарды. Дене бітімі мығым, қимылы ширақ, патриоттық рухы жоғары Еркебұлан бір жыл бұрын əскерге шақырылған болатын. Сарбаздарды зерделеу кезінде ерекше көзге түсіп, «Батыр» Президент полкінде əскери борышын өтеуге жіберілген. Араға жыл салып отбасына оралған Еркебұлан Отан алдындағы азаматтық парызын тек абыроймен ғана өтеп келмей, көптеген алғыстар арқалап келіп отыр. Əскерде өзін жақсы қырынан көрсетіп, қатарының алды болған Еркебұландай баланы тəрбиелеген ата-анасына бөлім басшылығы «Алғыс хатын» табыс еткен екен. Ал Еркебұланның өзі №0111 əскери бөлім командирінің «Алғыс хатымен» марапатталыпты. Сонымен қатар 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай өткен əскери шеруге қатысып, Елбасының қолынан «Мақтау қағазын» алған. Еркебұлан Нұржақыпов сынды азаматтарымыз көп болса, еліміздің іргесі берік, бейбітшілігі мəңгілік болары хақ.
Перизат НҰРҚАЕВА
Талғар-ақпарат