Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз» деп айтқан болатын. Осыған орай Талдықорған қаласының Журналистер үйінде Елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Астанаға 20 жыл» атты фотокөрме өтті, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы жылы еліміздің жан-жүрегі, арман қала, ару қала Астанамыздың 20 жылдығын атап өтпекпіз. Бұл шын мәнінде ұлы той. Бүгінгі күні Астана әлемге танымал шаһарға айналды. Осыған орай, Алматы облысының ішкі саясат басқармасы, Өңірлік коммуникациялар қызметінің қолдауларымен «Астанаға 20 жыл» атты тақырыпта фотокөрме ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жыл мерейтойы қарсаңында қаланың көркем жерлерінен сыр шертетін, елдігімізді танытатын, ерекшелігімізді айқындайтын қайталанбас қолтаңбаларын қалдырған «Photobar» клубының таңдаулы 20 суретін халық назарына ұсыну .
«Photobar» әр түрлі салада қызмет атқаратын, алайда сурет өнеріне қызығушылық танытатын шығармашыл адамдардың бірлескен ұйымы. Ұйымда заңгер, мұғалім, экономист, медбике, қарапайым қызметкерлер де бар. Алайда олар қоғамда фотосурет өнеріне дұрыс көзқарас қалыптастыруға және елімізде де, шетелде де фотографтар мен клуб мүшелерінің шығармашылығын насихаттау жолында еңбек етуде.
«Көпшілік назарына елорданың жан бейнесін бейнелейтін зәулім ғимараттардың, қаланың көрікті жерлері, елбасымыздың фотосуреттері қойылды. Табиғаттың тілін түсініп, оған жан бітіру деген өте қиын, күрделі дүние. Осындай көз тартарлық суреттер шығармашыл адамдардың ізденіс үсттінде жүретіндігінің бір дәлелі. Фотосуретшілердің алдағы уақытта бұл көрмемен шектеліп қалмайтындығын, Жетісу жерінің әсем жерлерін бейнеге түсіріп, елімізге, жерімізге қызығушылық танытатын азаматтармен, басқа аймақтың тұрғындары көріп, қызықтай алатын дүниелер түсіріп , кең ауқымды жұмыстар атқару жоспарда,-деді «Photobar» клубының мүшесі Сергей Щербаков.
«Фотосурет өнері боямасыз шынайылығымен, тарихи сәтті өте дәлдікпен көрсетіп бере алатындығымен құнды. Осындай туындылар көрменің арқауы болып, суреттер ажарландыра түсті», — дейді көрме ұйымдастырушысы.
Көрмеге Валерий Калиев, Салават Нургожаев Никита Жарков, Руслан Хасанов, Арман Байсадыков, Айбек Аханов, Билал Арслан, Дана Жулдызбек, Максим Рожин, Максат Шагырбаев, Борись Бруль, Турар Казангапов, Гани Умирбеков сияқты танымал фотосуретшілердің еңбектері қойылған.
ТалғарАқпарат