«Ешкім де ұмытылмайды, ешнəрсе де ұмыт қалмайды» деген қанатты сөз Ұлы Отан соғысының отты жылдарында елін, жерін фашистік басқыншылардан қорғаған аталарымыз бен апаларымыздың ерен ерлігіне қаратып айтылған. 1418 күн мен түнге ұласқан қанды қырғында шейіт болған
жауынгерлердің рухына басымызды ие отырып, сұрапыл соғыстан елге аман оралған ардагерлерімізді қашанда зор құрметке бөлеу перзенттік борышымыз.
Осыдан тура он жыл бұрын 8 мамыр күні Талғар қаласындағы орталық Жеңіс саябағында Ауған соғысында қаза тапқан талғарлық жауынгерлерге арналған ескерткіш бой көтерген еді. Мəрмер тасқа Ауған жерінде шейіт болған жерлестеріміздің есімдері қашалып жазылған ескерткіш тақтаны орнатуға мұрындық болған Талғар ауданының Құрметті азаматы, сол кездері аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін атқарған марқұм Ерғалым Ждановтың есімі көптің есінде. Ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен қоғам белсендісі Ерғалым Жданұлын жауынгер жолдастары əрдайым еске алып, жас ұрпаққа үлгі етіп отырады. Жуырда, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында, яғни, 8 мамыр күні «Жауынгер» Талғар қалалық Ауған соғысы ардагерлері бірлестігінің белді мүшесі Талғар қаласының Құрметті азаматы, аудандық мəслихат депутаты Бауыржан Аукенов, бірлестік төрағасы Серік Жұмəділов, орынбасары Рашид Пірімбаев бастаған бір топ ардагерлер Ерғалым Ждановтың бейіт басына барып марқұмның рухына Құран бағыштады. Осыдан соң орталықтағы Жеңіс саябағында Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерлерге арналған ескерткіштер түбіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмді тізе бүктіріп, адамзатты зұлымдық құрсауынан аман алып қалған ардагерлеріміздің қатары жыл озған сайын сиреп бара жатыр. Бүгінде ауданда 17 ардагер бар. Оларға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Бұл күні Ауған соғысы ардагерлері мен аудандық «Нұр Отан» партиясының өкілдері ҰОС ардагерлері Садықов Абдрахим ақсақал мен Мария Русакова əжейдің үйлеріне барып, Жеңіс мерекесімен құттықтады, сый-сияпаттарын табыс етті. Өздеріне көрсетілген риясыз құрметке ардагерлер де дəн риза болып, баталарын берді.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат