7 мамыр – Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің құрылған күні. Атаулы мереке Талғар ауданында да жоғары деңгейде аталып өтті. Соның бір көрінісі Талғар қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде өткен «Патриот» айлығының қорытындысы саналатын «Елім деп соғар жүрегім» атты шара болды.
Елдік пен ерлікке үндейтін шараға «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының орынбасары М.Ермағанбетова, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы А.Өмірзақов, Талғар қаласының әкімі Ж.Әуелбаев, Талғар қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің басшысы Айдар Болатұлы, мектеп басшылары мен оқушылар қатысты. Бұл күні табиғат Ана да нұрын шашып, ашық аспан астында Қазақстан Республикасының әнұраны әуеледі. Аудан мектептерінен келген оқушылардың қатысуымен ұйымдастырылған кереметтей флешмоб қонақтар мен көрермендердің көңілінен шықты.
Флешмобта жастар сергек билеп, керемет әсерде болды. Егеменді еліміздің ертеңі, болашақта ел тізгінін ұстар жастарымызды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында дәстүрлі түрде өтетін шарада әскери-патриоттық әндер шырқалды.
Айта кетейік, 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл жарлық бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы күштер өздерінің мүліктерімен қоса республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде қарулы күштерді басқаруды президент өз мойнына алды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болғандықтан «7 мамыр — Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Ал 2012 жылы Елбасының бұйрығымен 7 мамыр қатардағы дата ретінде елеусіз қалмай, мемлекеттік мәртебеге ие болды.
Мерекелік шарада Талғар қаласының әкімі Жандос Әуелбаев, Талғар қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің басшысы Айдар Болатұлы 7 мамыр – Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің құрылғанына 26 жыл толып отырған отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтады. Талғар қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің басшысы Айдар Болатұлы «Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз»- деп ізгі ниетін білдірді. Шараның мақсаты жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, отансүйгіштік сезім мен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру. Бүгінгі өскелең жас буын өкілдерін арманы мен рухы асқақ – Қазақ елінің азат ұрпағы екендігін мақтан тұтатын жеке тұлға ретінде тәрбиелеу болып табылады. Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – 26 жыл. Жиырма алты жылын артқа тастаған еліміздің қорғаныс саласы осы жылдар ішінде небір белестен өтіп, небір қамалдарды алды. Қанатын қатайтты, өсті, өркендеді, осылайша, бүгінгі келбетіне жетті. Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні бұл тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке. Ендеше егеменді еліміздің отын сөндірмей, қорғаныс жүйемізді бекем ұстап келе жатқан барлық Қазақстан азаматтарының төл мерекесі құтты болсын!
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА
Талғар-ақпарат