Өткен тарихымызға үңілген сайын өр мінезді, еңбекқор, ержүрек аналардың ерлігіне тәнті боламыз. Ел басына күн түскенде ер азаматтар қолына қару алып, қан майданға аттанса, елде қалған қарттар мен аналар, бала-шаға барлық тауқыметті мойындарына алып, «Жеңіс үшін, Отан үшін!» деп күндіз-түні еңбек етті. Майдангерлер жаумен шайқасса, ел ішіндегілер тылды өркендетіп, майдандағы жауынгерлердің рухын көтерді. Тылдағы еңбегімен жеңісті жақындатқан ардақты аналардың бірі Талғар қаласының тұрғыны 1928 жылы дүниеге келген Сембике Халықова. Соғыс басталғанда тұлымы желбіреген бүлдіршін болған Сембике апамыздың майдан даласынан қалай хабар күткені, қалай жұмыс істеп, жауынгерлерді қалай қарсы алғандары әлі де көз алдында екен. «Біздің ұрпақ соғыспен шыныққан ұрпақ», — дейді Сембике апа.
Соғыс басталғанда Балхаш ауданы, Ленин ауылында алаңсыз өмір кешіп жатқан жанұядан әкесі мен ағасы майданға аттанады. Артта қалған әйелдер мен балаларға, қарт адамдарға еңбек етіп, жеңіс күнін күткеннен басқа амал қалмаған еді. Ұйқысыз өткен түндер мен бидай масақтарын жинаудың қиындығы Сембике апаның әлі де есінде. Тыл еңбеккерлері жинаған егіннің бәрін майданға аттандырып отырған. Сондықтан тоя тамақ жеу де арман болды, — дейді тыл ардагері. Ол кезде барлық жаңалықтарды радиодан тыңдағандарын айтады. Майдандағы отандастары алға жылжыса қуанып, шегінсе бірге қиналған. Ал, жеңіске деген сенім оларға жігер беріп, жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпапты. Ардагер ана сұм соғыс аяқталып, бейбіт заман туған соң жұбайы Халықов Ділдә атамызбен отбасын құрған. 1924 жылы дүниеге келген Ділдә Халықұлы Ұлы Отан соғысын қиындықтарын бастан кешірген тыл ардагері жетпіске қараған шағында өмірден өткен екен. Бұл күнде тоқсанның тұғырына жетіп отырған Сембике әжеміз ұл-қыздары мен немере, шөберелерінің ортасында бақытты өмір кешуде. Соғысты көрген ардагерлер үшін Жеңіс күнінің орны бөлек қой. Тірі болғанда Ділдә Халықұлы да орден-медальдарын тағып алып, елдің алдында жарқырап жүрер ме еді. Өнегелі отбасында дүниеге келген 8 баладан қазіргі таңда немере, шөберелер өсіп, ардагер аталарының өнегелі жолын мақтаныш етуде. Cоғыс қасіретін өз көзімен көрген ана ұрпағының бейбіт күндерде өмір кешіп жатқанына дән риза. Ұлы жеңісті жақындатуға ерен үлес қосқан тыл ардагерінің қажырлы күш-қайраты ешқашан ұмытылмақ емес! Бұғанасы қатып, буыны бекімей тұрып, күндіз-түні бел шешпестен Отан үшін қызмет қылған аналарымыздың өмірі бізге үлгі-өнеге.
Қиындықтан жасқанбай, қажыр-қайратын жас ұрпақтың бейбіт өміріне, жарқын келешегіне жұмсап, көп бейнеттің бір зейнетін көріп отырған еліне сыйлы, әулетіне үлгі болған ардақты әжемізді талғарлықтар мақтан етеді. Ата-бабамыз арман еткен егемендігіміздің көк туын әуеде асқақтата желбіреуіне осындай ардагерлеріміздің тигізген үлесі ерекше. Ендеше батыр қарияларымыздың даңқты ерлігін болашақ ұрпаққа насихаттау бүгінгі жастардың басты міндеті болмақ. Тәуелсіз еліміздің әрбір таңы жарқырап, тыныштықпен ата берсін.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА
Талғар-ақпарат