Аудан әкімі ардагерлерді құттықтады

Аудан әкімі ардагерлерді құттықтады

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 73 жыл толып отыр. Жеңіс мерекесі – бейбітшілік сүйгіш бүкіл адамзат қауымының мерекесі, жеңімпаз әкелер мен аға буынның және сол ағалар ісін алға апаратын жас буынның қасиетті де қастерлі мерекесі.

1418 күнге созылған, 60 елді қамтыған, 120 миллионға жуық адамға солдат шинелін кигізген мұндай соғыс адамзат тарихында болған емес. Сұрапыл соғыс жылдарының алғашқы кезеңінің өзінде елімізде жалпыға бірдей әскери іске оқыту өрістетілді. Қазақстанда екі миллионнан астам адам әскери дайындықтан өтті. Соғыстың алғашқы кезеңінде Қазақстанда 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада жасақталып, майданға қосылған. Елімізді неміс фашистерінен азат ету үшін қан майданға 1 млн. 196 мың 164 қазақстандық аттанған. Еліміздегі әрбір бесінші қазақстандық соғысқа жауды талқандауға жіберілген. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр қайратының, бірлігінің дәлелі.

Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін қан майданнан қайтпай қалған есіл ерлерге, арамызда жүрген кеуделері орден, медальдарға толы соғыс ардагерлеріне, «Бәрі де майдан үшін, бәрі да Жеңіс үшін!» деп еңбектің озық үлгісін көрсеткен тыл еңбеккерлеріне қарыздармыз. Олардың алдында әрдайым басымызды иіп, тағзым етеміз. Тілерсектен қан кешіп, отты күндердің куәсі болған жерлестеріміздің ортамызда санаулысы ғана қалды. Тоқсаннан асқан қарттарымыздың көпшілігі төсек тартып, сыртқаттары сыр беріп жатыр. Мереке қарсаңында аудан әкімі Рыскелді Сатбаев бірқатар ардегерлерді аралап, мерекелерімен құттықтады. Алдымен Сталинград фронтында жауға шауып, ерен ерлік көрсеткен Вячеслав Лягостаевтың отбасына бас сұқты.

Майдангермен емен-жарқын әңгімелесіп, мерекесімен құттықтады. Алып келген сый-сияпатын табыс етіп, қарияның тұрмыс-тіршілігімен танысты. Содан кейін Украин майданындағы шайқастарға қатысып, көптеген ордан, медальдарды кеудесіне қадаған Жұмабек Сапаровпен кездесті.

Мерекемен құттықтау келген аудан әкімін жылы шыраймен қарсы алған қарт майдангер соғысқа қалай барғанын, майданда азат еткен қалаларын, кеудесіндегі әрбір награданың оңайлықпен келмегені туралы сөз қозғап, қашанда ұмытпай құрметке бөлеп келе жатқан аудан басшыларына алғысын білдірді. Мерекелік сый-сияпатын табыс еткен аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлына ақ батасын берді. Дәл осы күні түс ауа аудан басшысы Гүлдала ауылдық округінде тұратын ардагер атамыз атамыз Мамат Нарқұловтың да отбасында болып, сый-құрметін көрсетіп, мерекесімен құттықтады.

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат