Ұлы ерлікке тағзым

Ұлы ерлікке тағзым

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында

Жеңіс күні жақындаған сайын мерейлі сәттер де көбейе түсті. Қайда барсаңыз да соғыс және тыл ардагерлерін алақанына салып, ардақтап жатқан жұртты көресіз. Сұрапыл соғыста қару асынып, ұрпағының бейбіт өмірі үшін күрескен ардагер аталарымыз бен Жеңіс күнін жақындату үшін барын салып тер төккен тыл еңбеккерлеріне қанша құрмет көрсетсек те артық етпейді. Аудандық «Нұр Отан» партиясы осындай игілікті істің қашанда басында жүреді. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеп, жарқын болашаққа қарыштап қадам басуы да – осынау мерекенің жемісі. Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, біздердің әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан қасиетті соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың ұлы ерлігін мәңгілікке ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Осы мереке қарсаңында Аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова мен аудандық мәслихаттың депутаты Бағжан Құдабаев қаламыздағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Жұмабек Сапаров пен Мария Русакованың отбасында болып, мерекелерімен құттықтады. Мейрамгүл Сағынжанқызы қарт  майдангерлерге республикалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен облыстық партия төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтардың құттықтауларын жеткізіп, әрбір ардагерге арналып жасалынған қалта сағаттарын табыс етті.

Ал, аудандық мәслихат депутаты Бағжан Құдабаев қос ардагерге жеміс-жидекке толы себеттерін тарту етті. Аудандық аурухананың дәрігері Күнсұлу Қожағұлова қарттардың қан қысымдары мен жүрек соғыстарын тексеріп, денсаулықтарын қадағалады.

Қонақтарын жылы шыраймен қарсы алған майдангерлер алғыстарын жаудырып, қуанып қалды. Жұмабек атамыз 1942 жылы күзде әскерге аттаныпты. Еліміздің қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевпен бірге бір бөлімді әскери дайындықтан өткен екен. Өзі аласа бойлы, дене бітімі де арықтау болса да оны бірден десанттық әскери бөлімге жіберіпті. Дайындықтан өткеннен кейін бірден 104-ші әуе-денсанттық бөлімге түсіп, жауға қарсы ұрыстарға қатысыпты. Әуеден 153 рет секіріп, Украин жерін азат етуде ерлік көрсеткен. Ұлы Отан соғысынан подполковник шенімен елге оралған Жұмабек атамыз өмірінің 53 жылын Талғар қаласында өткізіп келетінін айтты. Қашанда ұмытпай құрметтеп жүрген басшыларға, мектеп ұжымдарына разы екенін жеткізді.

Келесі күні Мейрамгүл Сағынжанқызы аудандық мәслихат депутаты Серік Құрақбаевпен бірге Сталинград және Жапон соғыстарына қатысып, жаумен күрескен жерлесіміз Краснослав Маценконы мерекесімен құттықтай барды. Өзіне көрсетілген сый-құрметке разы болған қарт майдангер алғысын жаудырып, тіпті ән де шырқап берді. Қонақтармен емен-жарқын әңгімелесті де. Денсаулығының сыр беріп жүргенін айтып, көзіне жас алды.

Бұл қарияға да партия басшыларының құттықтау қағаздары мен мерекелік сыйлығы табыс етілді. Аудандық мәслихаттың депутаттары Арман Раханов, Алтай Кенжебаев, Сұлтан Нұрдаулетов, Әбдіғани Бәзілхандар да Ұлы Отан соғысы ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, хал-жағдайларын сұрасып, сый-сияпаттарын жасап жатыр. Мұндай игілікті істер әлі де жалғасын тауып,  барлық майдангер көптің назарында болады. Отан үшін иықтарына қару асынып жан беріп, жан алысып шайқасқан майдангерлерімізді құрметтеп, соғыстан қайтпаған солдаттардың рухы тағзым ету біздің басты парызымыз.

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат