Ұлы Жеңіске – 73 жыл
Тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесін талғарлық та да зор қуанышпен атап өтті. Сонау сұрапыл соғыста тілерсектен қан кешіп, от пен оқтың ортасында жүрген қарт майдангерлерге деген құрмет ерекше болды. Ерен ерліктерімен Отанын жаудан қорғаған есіл ерлеріміз арамыздан жыл өткен сайын сиреп барады. Бүгінде олардың саны небәрі он сегіз ғана.
Ұлы мереке қарсаңында ауданымыздың жаңа әкімі Рыскелді Сатбаев қарт майдангерлердің басын қосып, салтанатты қабылдау өткізді. Оған ауданымыздағы барлық ардагерлер шақырылғанымен кейбіреулері денсулықтары сыр беріп келе алмады. Алды ғасыр жасап, арты торқалы тоқсаннан асқан қарттарды әкім қабылдауына балалары мен ауылдық округ әкімдері алып келген екен. Жылдағы дәстүрге сай ардагер аталарымызға қаламыздағы «Байтемір» мейрамханасы есігін айқара ашып, мол дастархан жайды. Мейрамхана ұжымы қарияларды алдымен әсем табиғат аясына жайғастырып, қымыз бен сусын беріп шөлін басты. Содан кейін ғана мейрамхана ішіне жайылған кең дастархан басына жайғастырып, мерекелік шараны бастап кетті. Мерекелік салтанатқа аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, Аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетовалар мен ауданымыздың құрметті азаматтары, алдыңғы буын ағаларымызда да қатысып отырды. Жиылған көпшілік алдында алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Рыскелді Сатбаев алып, Ұлы Жеңістің бізге оңай келмегенін айтып, қаншама бауырларымыздың сол қанқұйлы соғыста қаза тапқанын, ерліктері ұрпаққа ұран болған ата-бабаларымыздың рухына бас иіп, ортамызда есен-сау жүрген айбынды да ардақты ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық етпейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ қарт майдангерлерге деген ыстық ықыласын білдіріп, «Құрмет грамоталары» мен ақшалай сый-сияпаттарын, гүл шоқтарын табыс етті.
Әрі қарай құттықтау сөз алған облыстық мәслихат депутаты Асқар Сүлейменов барша қауымды мерекемен құттықтап, ардагерлеріміздің бүгінде төрімізде отырғанының өзі бір ғанибет екенін қуанышпен жеткізіп, барлық ардагерлерге ақшалай сыйлығын тарту етті.
Кезекпе-кезек сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Босқымбаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалимолда Байболов, ауданымыздың қадірлі ақсақалдары Тұрсынғали Саудабаев пен Самат Сарипов, салтанатты шараның қонағы Жамбыл Сәрсеновтер кешегі қан майданда елі үшін күресіп, ерліктің үлгісін көрсеткен қарттарымызға жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, тәуелсіздікті ту етіп, көк аспанның асында бейбіт өмір кешіп отырған елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі. Мерекелік шараны ауданымыздың мәдениет саласының майталмандары отты жылдарда жазылған рухты әндерімен әрлеп, игі шараның шырайын аша түсті. Мерекелік қабылдауды ардагерлерге жыл сайын кең дастархан жайып, құрметке бөлеп келе жатқан Қадіржан мен Светлана Алмабековтер қорытындылады. Кәсібін нәсіп етіп отырған Қадіржан мен аудандық мәслихаттың депутаты Светлана қашанда қарт майдангерлерді төріне шығарып, олардың ерліктерін ұрпақтарына үлгі етіп отыратын көрегенді отбасылардың бірінен. Мейрамхана иелері ақжарма тілектерін білдірген соң, ұлдары Қайрат Қадіржанұлы қонақтарға скрипкада өзінің тамаша компазициясын орындап берді. Аудан әкімі бастаған жиылған көпшілік майдангер аталарымызды ортаға алып естелік суретке түсіп тарады.
Перизат НҰРҚАЕВА
Талғар-ақпарат