ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫННЫҢ ҚҰРБАНДАРЫНА АРНАП АҒАШ ЕКТІ…

ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫННЫҢ ҚҰРБАНДАРЫНА АРНАП АҒАШ ЕКТІ…

Көршілес Ресей елінің Кемерово облысының əкімшілік орталығы Кемерово қаласында орналасқан «Зимняя вишня» сауда, ойын-сауық орталығында 25 наурыз күні болған өрттен ресми дерек бойынша 64 адам қаза тапқан. Бір сəтте тұтанған жалыннан шыққан улы түтінге тұншығып ажал құшқандардың арасында бейкүнə балалардың көп болғаны белгілі. Кемереводағы қайғылы оқиға ешкімді бей-жəй қалдырмағаны анық. Қаза болған жандарды аза тұтқан қазақстандықтар да аспанға ақ шар ұшырып, еске алу митингілерін өткізген болатын. Сондай сауапты іс осы аптада Талғар Политехникалық колледжінде де жалғасты.

Əр сейсенбі күні өткізілетін колледж жастарының жиыны əдеттегідей мемлекеттік Əнұранмен басталды. Содан соң, жиналғандар алдында сөз алған оқу ордасы басшысының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Жеңіскүл Құрманғожаева апта бойы атқарылған істер мен оқу-тəрбие жұмысында қол жеткізген жетістіктерді тізбелеп шықты. Аудан бойынша колледждер арасында ұйымдастырылған «1001 мақал 100 жұмбақ» интеллектуалды байқауда аталмыш колледждің 13-топ студенттері жүлделі 2-ші орынды жеңіп алғаны айтылып, аудандық жастар ресурстық орталығы тарапынан арнайы Диплом тапсырылды. Топ жетекшісі Замира Қалымбетова «Алғыс хатпен» марапатталды, колледж ішілік волейбол жарысына жетекшілік еткен дене пəнінің мұғалімі Шалқар Дүмшебаев та «Алғыс хатқа» ие болды. Жиынның бірінші бөлімінен соң ардагер ұстаз, осы колледждің бұрынғы басшысы болған Жұмағали Кибекбаевқа сөз беріліп, ол Кемеревода тілсіз жаудың құрбаны болғандарды еске алып, колледж аумағындағы «Еске алу» саябағына 64 түп алма көшеттерін отырғызу іс-шарасының мəні мен маңыздылығына тоқталды.


Осынау игі іс арқылы жастардың бойында өзгенің қиыншылығы мен қайғысына ортақтаса білу сияқты адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудың маңызы зор. Кемереводағы өрт құрбандарын еске алуға бағытталған шараға колледж ұстаздары мен студенттері бір кісідей ат салысты. Көшеттер отырғызылып, суғарылды. Əрдайым осындай тəрбиелік мəні терең іс-шараларға ұйытқы болып жүретін Политехникалық колледж ұжымының сауапты ісі көпке үлгі болса дейміз.

Райхан АЗИМОВА

Талғар-ақпарат