ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН ӨТКЕН ЖИЫН

ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН ӨТКЕН ЖИЫН

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сəйкес əкімшілік-аумақтық бірліктер əкімдерінің қоғамдық кеңестер алдында есеп беруі көзделген. Осыған орай жуырда Талғар ауданы əкімдігінің мəжіліс залында кеңес отырысы болып өтті. Отырысты аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалимолда Байболов ашып, жүргізіп отырды. Аталған жиынға қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар, аудандық мəслихат
хатшысы Ж.Еңкебайұлы, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалының бірінші орынбасары М.Ермағанбетова, Талғар қаласы мен ауыл əкімдері, жергілікті полиция басшысы, бөлім, мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жəне Талғар қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Ж.Байкенов, Талғар қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы С.Сарипов қатысты. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды. Бүгінгі күні Қоғамдық кеңес – мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін кеңесші, əрі бақылаушы органға айналды. Қоғамдық кеңес аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шараларға өз ықпалын тигізіп, өзекті мəселелерді көтеруге мүмкіндік алып отыр. Отырыста Талғар қаласы əкімі Жандос Ауелбаев, Панфилов ауылдық округі əкімі Нұрғали Аппазов, жергілікті полиция басшысы Мақсат Карибаевтың 2018 жылдың 1-ші тоқсанында атқарылған жұмыстары мен жыл соңына дейінгі жоспарлары жөніндегі есепті хабарламалары тыңдалды. Сонымен қатар, кеңестің күн тəртібіндегі төртінші мəселе бойынша 2018-2019 жылдарға арналған жайылымдарды басқару жəне оларды пайдалану жөніндегі шешімінің жобасын талқылау бойынша аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ермек Толқыновтың баяндамасы тыңдалды. Күн тəртібіне қойылған мəселелерге сəйкес бірінші болып сөз алған Талғар қаласының əкімі Жандос Əуелбаев Талғар қаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ретіне, соның ішінде, тазалық, білім беру, денсаулық саласына, алдағы міндеттерге жеке-жеке тоқталды. Талғар қаласы əкімінің 2018 жылдың 1-ші тоқсанында атқарылған жұмыстары мен жыл соңына дейінгі жоспары жөніндегі баяндамасын мұқият тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар көкейтесті сұрақтарын қойды.
Қоғамдық кеңес мүшелерін толғандыратын өзекті мəселе Талғар қаласындағы орталық базардың жай-күйі. Жыл сайын сауда орындары мен базарлар жүйесі ұлғаюда. Осыған байланысты базар ішіндегі жолдардың тарлығы, көлік тұрақтарының дұрыс ескерілмегендігі тұтынушылар үшін жүруге ыңғайсыздық тудырады. Орталықтың сəнін кетірумен қатар, көптеген қолайсыз жағдай туғызып отырған базарды басқа жерге көшіру, болмаса бір қалыпқа келтіру бойынша қойылған сұраққа қала əкімі Ж.Ауелбаев жауап беріп мəселенің жəйін түсіндірді.
– «Аталмыш мəселе бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Əсіресе, сенбі, жексенбі күндері сауданың қызатындығы сондай адамдар мен автокөліктер ығыжығы болып жатады. Дегенмен, барлығын келісіп шешу қажет», – деген қала əкімі базардың жайы жақын арада өз шешімін табатындығына сендірді. Күн тəртібіне қойылған келесі үш мəселе бойынша сөз алған баяндамашыларды мұқият тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері Н.Сəрсеков, М.Бекбосынов, М.Сиқымбаева, Т.Саудабаев сөз алып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Қоғамдық кеңес соңында Талғар қаласы бойынша Мелиоратор, Бозторғай елдімекендерін газбен қамтамасыз ету, сауда орталықтарында, демалыс орындарында өрт қауіпсіздігін сақтауды күшейту, «720-25» бағдарламасының орындалуы қадағалау тəрізді бірқатар маңызды шешім шығарылды.

Қоғамдық кеңес төрағасы Қалимолда Байболов Панфилов ауылдық округі бойынша да атқарылуға тиісті жұмыстар ретіне тоқталып, жұмыс барысы қоғамдық кеңес бақылауында болатындығын қадап айтты. Талғар ауданы бойынша 2018-2019 жылдарға арналған жайылымдарды басқару жəне оларды пайдалану жөніндегі шешімнің жобасы, қоғамдық кеңесте айтылған ұсыныстар жəне сын-ескертпелер мен толықтырылып келесі рəсімдеу жұмыстарына жіберілді. Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарды өткір сынап, көкейкесті мəселелерді көтеріп келеді. Қашан да елдің мұңын, халықтың мұқтажын ашық айтудан тартынбаған қоғамдық кеңес мүшелері бұл жолы да баяндамашыларға нақты сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Отырыс қорытындысында қаралған мəселелер бойынша тиісті ұсыныстар берілді.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

Талғар-ақпарат