Осы аптада аудандық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында кезекті аудан тұрғындарын қабылдау өтті. Бұл жолы жұртшылықтың өтініш-тілегін аудандық мəслихаттың депутаты, Тұздыбастау бастауыш партия ұйымының төрағасы, партияның əлеуметтік-экономикалық дамуы, тарифтік саясат, шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту бюджеті жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мұхит Дүйсебаев қабылдап, аудандық «Нұр Отан» партиясының кеңесшісі Галя Бердібаева қатысып отырды. Кезекті кестеге сай өткен қабылдауға бірінші болып Д.Дүйсекбаев деген азамат келді. Ол баспана мəселесін көтеріп, халық қалаулысына пəтердің кезегіне тұру мен қажетті құжаттарды рəсімдеуге қатысты сұрақ қойды. Одан кейін Т.Тохтахунов көгілдір отын жүргізу бағасының қымбаттығын алға тартып, жеңілдіктер алудың жолын сұрады. Ал, оқу орынын жаңа бітірген А.Шаимова жас мамандарға арналған əлеуметтік көмек пен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасудың жолдарын білгісі келетінін айтты. Барлық өтініш иелерін тыңдап, мəселенің мəн-жайына қаныққан халық қалаулысы заң аясында кеңес беріп, мəселені оңтайлы шешудің жолын көрсетті.
Перизат НҰРҚАЕВА
Талғар-ақпарат