АКЦИЯНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

АКЦИЯНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Өткен аптада қаламыздағы халыққа қызмет көрсету орталығында «Нұр Отан» партиясының «Əділет кеңес береді» республикалық акциясы өткен болатын. Акцияның негізгі мақсаты Əділет басқармасының жергілікті жерлердегі бөлімдері мен аймақтық мекемелер бірлесе отырып қабылдауға келген тұрғындарға кəсіби заңгерлік көмек көрсету, құқықтық нормалар мен қолданыстағы заңдылықтар мен оларға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат беріп, сауалдарына жауап беру болатын. Сонымен қатар, партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын жүзеге асыру үшін əділет органдары мен адвакатура, нотариалдық палаталармен бірлескен шаралар ұйымдастырып, азаматтарға құжат рəсімдеуге көмегін тигізу.

Азаматтардың құқықтық мəдениет деңгейін арттыру, жергілікті тұрғындарға құқықтық тегін заңдық кеңестер беруді көздеген шараға аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық Əділет басқармасының басшысы Айдар Нұрмұханбет, халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Марлан Нұрбеков, нотариус Сания Егізбаева мен адвокат Дидар Мергенов қатысып отырды. Мамандардың қабылдауына халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне жүгіне келген аудан тұрғындары келді. Бірі жер телімін заңдастыру мəселесінде кеңес сұрай келсе, енді бірі мекенжай анықтамасын алудағы қателіктерді түзету жолын сұрады. Көпшілік тарапынан келіп түскен сұрақсауалдың басым бөлігі тұрғын үй алу үшін кезекке тұру мəселесі болды. Ауданымызда Елбасының жаңа бастамасымен «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер бой көтеретін болғандықтан, арыз иелеріне тиісті орындарға құжат тапсырып, кезекке тұрудың жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бесағаштық Əмиржан Мансуров жеке балабақшасын «Балапан» бағдарламасына енгізудегі келеңсіздіктерді алға тартса, Уайс Ахметбек еліміздің азаматтығын алудағы əуре-сарсаңды ашына айтты. Кеңдала ауылының тұрғыны Дəулет Аймаханов «Нұр Отан» партиясына өтуге ниетті екенін білдіріп, партия қатарына қосылудың жолын сұрады. Оған партия басшысы Мейрамгүл Ермағанбетова ризашылығын білдіріп, кеңес берді. Қабылдауда ауылдардағы жол, жарық мəселесін көтерген азаматтар да болды. Бұл күнгі қабылдауға отызға жуық азамат келіп, өтініш-тілектерін білдірді. Барлықтарын мұқият тыңдаған басшылар мен мамандар көтерілген мəселелерді оңтайлы шешу жолын көрсетіп, кеңес берді.

Осындай акциялардың ел арасында өткені қарапайым тұрғындар үшін қажетті екеніне көзіміз жетті. Алдағы күндері де игі шара өз жалғасын табатын болады.