МОМЫШҰЛЫНА ТАҒЗЫМ

МОМЫШҰЛЫНА ТАҒЗЫМ

Жуырда 18-сəуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай Мəсімхан Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжінің алдында даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қою рəсімі өтті.

Бауыржан Момышұлы – адамзат тарихынан өзіндік орын алған, заманымыздың заңғар тұлғасы. «Халқымның қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен», – деген жолдар арқылы өзінің Отанға деген адалдығын айшықтап, халқының қарапайым ұлы болуды басты мақсат етеді. Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың əрбір сəтінде өзiнiң ұлтқа тəн адалдығымен, қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген рухты тұлға. «Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деп ұран тастаған батыр атамыз, келер ұрпақтың болашағы үшiн өз басын өлiмге байлап, ажалмен алысып, жеңiс туын тiктi. Б.Момышұлы естелiгiнде: «Мен – өзге ұлттарды құрметтеушi, өз ұлтын сүюшi адаммын», – дейдi. Батырдың əр қазақтың жүрегiнің төрінде орын алып, қазынадай сақталуының себебi де, ұлтын сүйіп, ардақтағандығында деп білеміз.

Айта кетейік, 1941 жылдың шілдесінде генерал Панфиловтың басшылығымен Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясы ұйымдастырылғанда, оның 1073-ші атқыштар полкі Талғарда жасақталады. Ол кейін “Талғар полкі” деп аталып кетеді. Бауыржан Момышұлы өз батальонын Талғардағы ауыл шаруашылық техникумына орналастырып, тау бөктеріндегі “Солдат сайы” шатқалында жауынгерлерге соғыс өнерін үйретіп, ұрыстың əдіс-тəсілдеріне машықтандырып шыңдаған. Баукең бұл жайында “Біздің генерал” атты кітабында баяндап өткен. Ал “Москва үшін шайқас” кітабында майданға Талғардан аттанғанын еске алады.

Бүгінгі мəңгілік елдің ұрпағы Бауыржандай қайсар рухты батырымен, асқаралы ойдың алтын қазығымен мақтана алады. Жас ұрпағымыз Бауыржан аталарындай елім-жерім дегенде қабырғасы қайысатын ержүрек те елжанды болып ер жетсін деп тілейік.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

Талғар-ақпарат