Арман. Махаббат. Жастық шақ

Арман. Махаббат. Жастық шақ

Махаббат – адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухани қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезім. Махаббат – дүйім дүниенің ең асыл, жалпақ жалғанның ең кіршіксіз сезімі болса, ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген сезімге адал, сертке берік Қозы-Баян, Ләйлі-Мәжнүн, Жібек-Төлеген, Естай-Қорлан, Еңлік-Кебек, Фархад-Шырын, Жүсіп-Зылиқа. Осылардың барлығы шынайы махаббаттың символы іспетті. Сан мыңдаған ғасырлар бойы аттары аңызға айналған жұптардың жалынды жырлары мен махаббат хикаялары күні бүгінге дейін сақталып отыр. Сан мыңдаған ғасырлар бойы аттары аңызға айналған жұптардың жалынды жырлары мен махаббат хикаялары күні бүгінге дейін сақталып келеді.

Жуырда Қызыл-Қайрат ауылының Мәдениет үйінде аудандық Жастар ресурстық орталығының және «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен 15 сәуір – ұлттық Ғашықтар күніне орай «Арман. Жастық. Махаббат» атты аудан жастары  арасында әдеби – сазды  байқау өткен болатын. Жастардың бойындағы шығармашылыққа деген талпынысты арттыру, сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың арасындағы шынайы махаббаты дәріптеп, халық ауыз әдебиетіне деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын, ойлау қабілетін дамыту, халық ауыз әдебиетін құрметтеп, оны дамытуға, тіл мәдениетіне, достық қарым-қатынасқа, ой ұшқырлығы мен тапқырлыққа, өз ұлтын сүюге, халық мәдениетін жалғастыруға тәрбиелеу мақсатында өткен байқауға аудан мектептері мен колледждерден жеті жұп қатысты. Байқау қатысушы жұп жанды дауыспен ән орындайтын «Ән көңілдің ажары», махаббат тақырыбында өлең оқитын «Құлақтан кіріп бойды алар» және 8-10 минуттық драмалық қойылым көрсететін «Не боларын күні ертең ескертпеген — махаббат»атты үш бөлімнен тұрды. Байқауға қатысып, өнерлерін ортаға салған барлық жұп байқау ережесіне сай жанды дауыста ән шырқап, махаббат тақырыбында өлең оқып, сахналық қойылымдарын көрерменге ұсынып, кейіпкерлерін шебер сомдады. Қатысушылардың өнерлерін бағалап, қазылық еткен ақын Тілек Шерияздан, дәстүрлі әнші Натхан Манай, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетовалар әрбір жұптың дауысына, өлең оқу шеберлігіне, көрсеткен қойылымдарының мән-мағынасына, сахналық келбетіне, жүріс-тұрысына жете көңіл бөліп әділ бағаларын беріп отырды. Байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды №29 орта мектептің ұстаздары Алмас Сабыржан мен Айгүл Әлпейсованың жарасымды жұбы жеңіп алды. Ал, екінші орынды №49 орта мектептің ұстаздары Ержан Мәлікен мен Гүлзамира Абашованың жұбы мен №8 мектеп гимназиясының жас мамандары Айдын Тұрсынбек пен Мадина Әкіжанның жұбы бөлісті. Үшінші орынды қаламыздағы Экономикалық колледждің өнерлі жұбы Айдын Жалұқан мен Диана Қажыкен және №31 орта мектептің жас мамандары Ернар Темірғали мен Индира Әділбековалар жеңіп алды. Политехникалық колледждің жұбы Абзал Жакупов пен Бақытгүл Молдахметова, №31 мектептің жұбы Алмат Молдабаев пен Әсем Темірғали ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Барлық қатысушылар аудандық Жастар ресурстық орталығының «Алғыс хаттары» мен бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат