Күні кеше ғана Талғар ауданы әкімі қызметіне тағайындалған Рыскелді Ахметқалиұлы бірден іске кірісіп кетті. 17 мыңнан астам тұрғыны бар Тұздыбастау ауылдық округіне барып, жуырда болған су тасқынынан зардап шеккен үйлерді аралап, қалпына келтіру жұмыстарының қаншалықты деңгейде орындалып жатқанын тексеріп қайтты. Естеріңізге сала кетсек, жауын-шашынның жиі жаууына және ауа температурасының күрт көтерілуіне, сондай-ақ қардың еруіне байланысты Тұздыбастау ауылының бірнеше көшесі мен жеке тұрғын үйлердің аулаларын су басқан болатын. Табиғаттың мұндай «тосынсыйына» абдырап қалған жұртты сабырға шақырып, жергілікті билік пен жауапты сала басшылары бірден іске кірісіп, мұндай жағдайдың қайталанбауын қатаң қадағалауға алған болатын. Ауыл ішіндегі өзең аңғарларын аршып, су жолын тазалап, аулаларға жиналған лай мен қоқысты шығаруға төтенше жағдай мамандарынан бөлек көрші ауылдың тұрғындары мен жастар мен ерікті топтар да атсалысқан болатын. «Жұмыла көтерген жүктің жеңілдейтінін» жанымен түсінген азаматтар көмекке зәру жандарға қажетінше жәрдемдесіп, қолұштарын беріп, әлі де болса қайырымдылық жасауда. Сақтық шаралары дер кезінде жасалудың нәтижесінде зардап шеккен ешкім болған жоқ.
Аудан басшысы осы жайттарға қаныққан соң жергілікті тұрғындармен тілдесіп, өтініш-тілектеріне құлақ асты. Жұмыс барысын да назардан тыс қалдырмай, қалпына келтіру шараларын өз деңгейінде орындап жатқан «КазГидроСпас» ЖШС-гінің басшылығымен кездесті. Ауданға ғана емес республикаға танымал серіктестік өз қаржыларына атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып кетті. Қазіргі уақытта Тұздыбастау ауылының барлығы дерлік аулалары тазаланып, қалпына келтірілген. Суды сору, су құбырын және арық жүйесін тазарту, апатты жағдай қайтып айналып келмес үшін қаптармен бөгет құру жұмыстары қалыпты жүргізілуде. Арық арналарын тазарту, суды сору жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардан 326 адам, Төтенше жағдайлар департаментінен 177 адам, 132 бірлік техника, 22 қозғалтқыш сорғысы жұмылдырылып, 2500 текше метр су сорып алынған.
Бүгінде қауіп сейіліп, тіршілік арнасына түскен елді мекенде судан келген зардаптың мөлшері анықталу үстінде. Аудан әкімі Рыскелді Сатпаев тиісті сала басшыларына жақын арада саяжай серіктестігіндегі үйлер мен құрылыстардың заңдылығын анықтап, болашақта мұндай жағдайдың қайталанбауын назарға ұстауды тапсырды.