Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талғар ауданының активіне ҚР Президенті Әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың келісімімен тағайындалған жаңа əкімді таныстырды.
Ауданды бес жылдан астам уақыт басқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып, абыроймен жұмыс атқарған Райхан Нұрмырзақызының басқа жұмысқа ауысуына байланысты өңірге жаңа басшы келді. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында кандидатурасы қаралып, бірауыздан мақұлданған Сатпаев Рыскелді Ахметқалиұлы Талғар ауданының әкімі қызметін атқаруға келісімін берді.
Рыскелді Ахметқалиұлы 1961 жылы туған, білімі жоғары, Алматы сәулет-құрылыс институтын – инженер-құрылысшы, Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін – халықаралық-экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы облыстық тресінің учаске мастері болып бастап, мол тәжірибе жинақтап, нәтижелі қызметтерімен көзге түсе білген азамат. Өзіне жүктелген міндетті дер кезінде әрі абыроймен атқара жүріп, толымды жетістіктерінің арқасында қызмет баспалдағымен өрлей білген. 1984-1990 жылдары «Алматы-облколхозстрой», «Алматыобл-агропромстрой», «Алматаагрострой №1» мекемелерінде инженер, бас инженер, «Казкиноремтехпром» көпсалалы кәсіпорнының прорабы, 1990-1999 жылдары «Казглавкино» Республикалық кино билет-материал базасының, «Казкульт» республикалық киноматериал базасы филиалының директоры, «Казкинокомплект» Акционерлік Қоғамының президенті, CEVLAN INSAAT құрылыс компаниясы өкілдігінің басшысы қызметтерін атқарған.
1999-2008 жылдары Алматы қаласы, Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас инспекторы, бас консультанты, 2009-2011 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы, осы министрлікте әкімшілік-кадр жұмысы Департаментінің директоры, 2013 жылдан бүгінгі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, өңірлік даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарып келді.
Жаңа басшыны таныстыру сәтінде өңір басшысы лауазым иесінің жұмысына табыс тілеп, Талғар ауданындағы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерудегі басшылықта Елбасы тапсырмаларын мерзімді әрі нәтижелі орындауды тапсырды. Өз көзегінде сөз алған Рыскелді Ахметқалиұлы тиісті талаптардан шыға білу үшін ұзақ жылғы еңбек тәжірибесіне сүйеніп, біліктілігі мен білімділігін аямайтын жеткізді. Сонымен бірге облыс басшысы ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Райхан Садықоваға алғысын білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
— Талғар Алматы қаласына іргелес жатқан аудан. Осы өңірдің экономикалық ахуалын жақсарту үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән берілуі тиіс екендігі айтпаса да түсінікті. Ол үшін инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлерге қойлайлы жағдай жасау өте маңызды. Осы мәселелерді түйткілсіз шеше білген Райхан Нұрмырзақызының еңбегі өлшеусіз. Әйел заты болса да ер адамға пара-пар жұмыс атқарып, халықты жұмылдырып, ауданның сәулеттік инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін берді. Алдағы уақытта да биік белестерден көрінетініне сенемін,- деген облыс басшысы Райхан Нұрмырзақызына гүл шоқтарын ұсынып, халық атынан сый-сыяпат көрсетті.
Сөз алған Райхан Нұрмырзақызы өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда халықтың көп көмегі тигенін айтып, сенімдеріне алғысын білдіріп, басын иді. Жиналғандар атынан сөз алған аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, Еңбек ардагері Байболов Қалимола Байболұлы мен ауданның «Құрметті азаматы», ардагер ұстаз Үмбетова Найля Бейсембайқызы ауданның әл-ахуалын жақсартуда Райхан Нұрмырзақызының «туған жеріне ту тіге білген» өлшеусіз еңбегін, халқына жақын әкім болғанын атап өтіп, өз аттарынан ризашылықтарын білдіріп, жаңа басшыға сәттілік тіледі.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы өңірде іске асатын алдағы жоспарлар мен міндеттермен таныстырып, оның ішінде Талғар ауданында да жүзеге асатын жобаларды атай кетті. Соның бәрі «жұмыла көтергенде жеңілдейтінін» де ұмыт қалдырмай, ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырды.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат