«ЖЕҢІС» КОМАНДАСЫ АБЫРОЙМЕН ОРАЛДЫ

«ЖЕҢІС» КОМАНДАСЫ АБЫРОЙМЕН ОРАЛДЫ

Талдықорғанда дәстүрлі «Жүректен-жүрекке» жобасының кезекті байқауы өтті. Оған Алматы облысының аудан-қалаларынан 50-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жастар қатысты.

Аталмыш жобаға ауданымыздан да үміткерлер қатысып, бақ сынасты. «Ақжол-М» қоғамдық қорының Рушана Тохтахунова ханым бастаған жас таланттардан құралған «Жеңіс» командасы бес кезеңнен тұратын байқаудың талаптарын толықтай орындап, аудан намысын абыроймен қорғап қайтты. Қатысып қана қоймай, қанжығаларына жеңісті бөктеріп қайту «Жеңістіктердің» басты мақсаты болды. Спорттық ойындарға арналған алғашқы сайыста Мухамедазиз Нурахметов ерекше көзге түссе, сурет өнерінен Акбар Иминовтың айы оңынан туды. Қолөнер сайысында Малика Тохтахунова, би жарысында Ұлжан Дункенбаева, Радмир Айтахунов, əн (вокал) кезеңінде Башен Увалиева өнерлерін көрсетіп, көптен үздік шықпаса да көрерменнің ықыласына бөленді. Нашар еститін жəне саңырау балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың командасы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Ал жеке аталымдар бойынша үздік деп танылғандарға дипломдар мен «Алғыс хаттар» тапсырылды. Солардың қатарында жерлестеріміз «Жеңіс» командасының өнерпаз ұл-қыздары болды.


Ұйымдастырушылардың айтуынша биылғы жылы қатысушылар қатары əлдеқайда көбейген. «Басты мақсат – олардың өмірге деген құштарлығын арттырып, өнерге бейімдеу, ерекше қабілеттілерін көпшілікке таныстырып, сахнаға шығару», – дейді байқауды ұйымдастырған облыстық «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері. Өнерге ғана емес өмірге деген құштарлықтары айқын аңғарылатын мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау мен мейірім қолын соза білген ұйымдастырушыларға көпшілік разы. Өйткені шын мұқтаждың алғысынан асқан артық разылық жоқ.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

Талғар-ақпарат