«Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы басталды

«Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы басталды

Мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуда маңызды рөл атқаратын көрнекі ақпарат пен жарнама екені белгілі.  Осы орайда, аудан әкімі Р.Садықованың өкімімен  көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің заң талаптарына сай безендірілуі, үйлестірілуі және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында 2018 жылдың  наурыз-қыркүйек айларында «Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы басталған болатын. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығымен  «Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясын ұйымдастыру шаралары жоспарланып,  жүйелі жұмыстар жолға қойылды. Аудан әкімінің орынбасары Дарменияр Қыдырбек-ұлы бастаған арайы комиссия да құрылды.  Наурыз айы басталысымен аталмыш комиссия мүшелері өз жұмыстарына кірісіп кетті. Апта басталысымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Құрманказиев пен Талғар қаласы әкімінің орынбасары Бақыт Күрішбеков бастап, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Мөлдір Досанқұлова, қала әкімшілігінің инспектрлары Нұржан Айтхажанов пен Думан Нұрғазы, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары қаламыздың бірқатар көшелерін аралап, көрнекіліктер мен жарнаманың орналасуын, мәтінін тексеріп қайтқан еді.

Комиссия мүшелері Т.Рысқұлов көшесі бойымен жүріп өтіп, көше бойына орналасқан дәмхана, мейрамхана, дүкендер мен басқа да жалға берілетін ғимараттардың сыртқы келбетіне көңіл аударды. Өткен жылғы дәстүрлі түрде жүргізілген сапалы жұмыс нәтижесі болар көптеген кәсіпкерлер жарнамадағы қателіктерін түзетіп, екі тілде, заңға сәйкес маңдайша тақталарын іліп қойыпты. Халық арасындағы жүргізілген түсіндірме жұмыстары сақау көрнекіліктер мен өңі тозған, эстетикалық құндылығы жоғалған жарнамаларға тосқауыл қоя алғанына разы болдық. Десек те, кейбір жалға берілетін ғимараттар қабырғаларына ілінген жарнама мен көрнекіліктер тек орыс тілінде ғана жазылып, әбден тозығы жеткен екен. Газ қазандықтарын сататын дүкен жарнамасына «Газ қазаңдары» деп қате жазып қойыпты. Сондай-ақ, піскен тоқаштар сататын дүңгершіктің де маңдайына «Eureka» не қазақ тілінде емес, не орыс тілінде емес жазу ілінген. Халыққа қызмет көрсетіп, табыс тауып отырған бірнеше нысанның қызмет түрлерін тізбектеген жарнамалары  тек орыс тілінде жазылған. Осы Рысқұлов көшесі мен Гагарин көшелерін бойлай жүргенде, орталық базар айналасындағы кейбір сауда орындарының маңдайшасындағы атаулары ескіріп, оңып кеткен екен. Тексеру барысында барлық  кәсіпкерлерге ауызша ескертулер беріліп, жіберілген қателерді түзетіп, ескірген жарнамаларды ауыстыру үшін бір апта уақты берілді.

«Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы әлі де жалғасатын болғандықтан бұл күнгідей тексерістер жиі-жиі ұйымдастырылып, жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесін береді сенеміз. Комиссия алдағы күндерде барлық ауылдық округтерді аралап, ол жерлерде де «Тіл туралы» Заң мен «Жарнама туралы» Заңнын орындалуын бақылауға алатын болады.

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат