Ананың аялы алақанындай жүректерге жылулық ұялатып көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық əйелдер күні де келіп жетті. Адамзаттың нəзік жандыларға арнаған мерекесі табиғаттың оянуымен қатар келеді.
Көктем мерекесін талғарлықтар жыл сайын көтеріңкі көңілде, шадыман шаттықта атап өтеді. Биыл да мереке қарсаңында аудандық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында аудандық «Нұр Отан» партиясының төрағасы, аудан əкімі Райхан Садықова мерекелік қабылдау өткізді. Партияның «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында ұйымдастырылған игі шараға көпбалалы аналар, ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне үлес қосып жүрген ақ жаулықты аналар мен еңбектің тайқазанын тасытып жүрген кəсіпкер қыз-келіншектер шақырылды. Аналарымызды құттықтауға аудандық мəслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудан əкімінің орынбасары Дəрменияр Қыдырбек-ұлы қатысып отырды. Мерекелік шара барысында алғашқы сөзді аудан əкімі Райхан Нұрмырзақызы алып, алдымен ауданымыздың тыныс-тіршілігіне тоқталып, атқарылып жатқан ауқымды істер жайын тілге тиек етіп, ауданымыздың өсіп-өркендеп, экономикасының дамуына нəзік жанды қыз-келіншектердің де қосып отырған үлесінің зор екенін алға тартты. Барша əйелдер қауымына ақжарма тілегін арнап, мерекелік сый-сияпатын табыс етті. Атап айтқанда, көпбалалы жас ана Мания Жұмабекке «Алтын алқа» белгісін, Альбина Искакова мен Жаннат Қауынбаеваларға «Күміс алқа» белгісін табыс етсе, «Нұр» балалар үйінің директоры, кең жүректі мейірімді жан Тұяқ Есхожина бастаған басқа да ақ жаулықты аналарымызды «Алғыс хатымен» марапаттап, сыйлықтарын тапсырды. Өз кезегінде сөз алған аудандық мəслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы əйелдер қауымын шуақты мерекемен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Емен-жарқын өткен мерекелік шарада қонақтар да кезекпе-кезек сөз алып, мерекенің шырайын келтіріп, аналарды құрметке бөлеген партия басшыларына ризашылықтарын білдіріп, əн-жырды төгілтіп, салтанаттың сəнін аша түсті.
Перизат НҰРҚАЕВА
Талғар-ақпарат