Діни сауатсыздық адасудың алғышарты

Діни сауатсыздық адасудың алғышарты

Өткен аптада Талғар қаласындағы Д.Қонаев атындағы Заң колледжінде студент жастармен «Діни ағымдардың қауіпі» атты тақырыпта кездесу болып өтті.  Маңызды іс-шараға жиналған жастарды сұрақ-жауап арқылы бірден  ашық-жарқын  ой бөлісуге  тартқан дінтанушы  маман Тимур Нүсіпхан әңгіме ауанын ғаламтор желісі арқылы  насихатталып  жатқан теріс ағымдардың қауіп- қатері жайында түсіндірді.  «Терроризм», «экстремизм», «радикализм» терминдерінің мән-мағынасын түсіндіре келе, жат ағымның белгілері мен адамның  санасын улаудағы айла-тәсілдері туралы да айтып өтті.  Асыл дініміздің негізгі құндылықтарын білу,  қажетті ақпарат пен толғандырып жүрген сауалдарға жауапты еліміз бойынша рұқсат етілген ресми сайттардан, шариғат мәселесін тереңінен зерделеп жүрген білікті мамандардан (аты-жөндерін атап өтті) іздеудің маңыздылығын  алға тартқан Тимур Нүсіпхан, дін мәселесінде еліктегіштік пен  соқыр сезімге берілудің арты өкінішке апаратынын баса айтты.  Кездесу соңында жастар бірқатар сауалдар қойып, тиісілі жауаптар алды.

              Осы күні түстен кейін  Талғар политехникалық колледжінің  жастары арасында «Терроризм және қоғамдық қауіпсіздік»атты  тәрбиелік мәдени іс – шара болып өтті.  Мәні кең кездесуге Алматы облысы бойынша дін істер басқармасының «Оңалту» орталығының инспектор теологы Елдос Аққожа ,  орталық мешіттің нәйб имамы Талғат Садиков , аудандық Ішкі саясат бөлімі ММ-нің бас маманы Гаухар Салимбаева қатысып, ақпараттандыру-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сала мамандары  «экстремизм», «терроризм», «радикализм» терминдеріне түсінік беріп, Қазақстан Республикасындағы лаңкестікпен қарсы күрестің құқықтық негіздері, қазіргі таңдағы ахуал жайлы айтып өтті. Экстремизм мен терроризмнің таралу себептері туралы түсіндіріп, оған қарсы жүзеге асырылып жатқан  әрекет  түрлері мен алдын-алу шараларының  маңыздылығы жөнінде  сөз қозғады. Оқу орнының  тарих пәні оқытушысы   Ә. Қойгелдиева «Терроризм қоғамға төнген қауіп» тақырыбында тұщымды баяндама жасады. Жат ағымның құрсауына түсіп, опық жеген  жандардың  өкінішке толы тағдырлары мен әлем ніңтүкпір-түкпірінде ажал отын сеуіп, қоғам тыныштығына орасан нұқсан келтіріп отырған  экстремистік, террористік ұйымдардың  қауіп-қатері туралы  видеофильмдер көрсетілді. Іс – шараға қатысқан колледж студенттері белсенділік танытып, көкейтесті сұрақтарына толыққанды жауап алды.

Райхан АЗИМОВА

Талғар-ақпарат