Жылдағы дәстүр бойынша еліміздің барлық аймағында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталған болатын. Талғар ауданында 2018 жылдың көктемгі мерзімді әскерге шақыруға жататын азаматтарды іріктеу және алдын-ала зерделеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде елімізде жастары 18-ге толған азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет жүргізіледі. Мерзімді әскери қызметке Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті 18 жас пен 27 жас жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ азаматтар шақырылады. Ауданымызда әскерге шақырылушыларды зерделеу басталға болаты. Зерделеу жұмыстары 2 кезеңмен жүргізіледі. Оның біріншісі алдын-ала іріктеу үшін әскерге шақырылушылардың жеке ісі тексеріліп, олардың ата-аналарымен, сондай-ақ ол жұмыс жасайтын немесе оқитын оқу орындарының өкілдерімен сұхбат жүргізіледі. Жеке әңгімелесу барысында әскерге шақырылушының моральдық сапасы, денсаулығы, жалпы білімі мен арнайы дайындығы, отбасы жағдайы анықталады. Әскерге шақырылушылардың жеке ісін сапалы зерделеу жұмыстарына Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдарының, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау органдарының өкілдері жұмылдырылады. Ал, екінші кезеңде әскерге шақырылушылар аудандық әскери-медициналық комиссиядан өтеді. Осындай тексерулер мен зерделеуде кейін жастардың Қарулы күштердің қандай түріне және әскери бөлімдерге баратындығы анықталады екен. Талғар қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімідегі көктемгі әскерге шақыруға дайындық басталып та кеткен. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ниетті азаматтар алдын ала зерделеуден өтіп жатыр. Бөлім мамандары жастармен тиянақты жұмыс жасап, оларды тиісті деңгейде зерделеуден өткізді. Әрбір азаматтың денсаулығын, психологиялық тұрғыдан да қатаң тексеріп, ата-аналарымен сұхбаттасып, олардың отбасы жайлы толық мәліметтер жинақтап, тіпті олардың қайсысы Қарулы күштердің қандай бөліміне баратындықтары туралы да сараптама жасалды.
— Биылғы көктемде мерзімдік әскери қызметке ауданымыздан жүздеген азамат қызмет етуге бармақшы. Бұрынғыдай емес, қазір әскери борышын өтеуге ниет білдіруші жастардың саны көбейіп келеді. Әрі азаматтық борышын өтеуге ниетті жастардың сапасы да жылдағыдан жоғары. Қарулы Күштер қатарына жіберілетін жастар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Мемлекеттік Күзет қызметіне, Ішкі істер министрлігінің ұлттық Ұланына қызмет етуге барады. Шақырушыларды біздер зерделеу барысында саралап, осы бөлімшелердің қайсысына жіберілетіндігін анықтаймыз. Кез келген азамат өз елінің патриоты ретінде кез келген уақытта Отан қорғауға қабілетті болуы тиіс. Сондықтан да, Отан алдындағы борышты өтеуді әр азамат өз парызым деп түсінгені абзал болар. Біз бүгінгі күні еліміздің Қарулы күштерінің қатарын білімді әрі салауатты, бойындағы күш-жігері тасып тұрған жастармен толықтыруға тиіспіз,- дейді Талғар қаласының Біріккен Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы, подполковник Айдар Болатұлы әңгіме барысында.
Ғалымжан Қайсаров отбасының тұңғышы. Артында үш қарындасы бар. Бұл күнгі зерделеуден өтуге әкесі Талғатпен бірге келген. Зерделеудің барлық сатысынан мүдірмей өтті. Денсаулығы да мықты, өзі білімді, ақылды, дене бітімі де нағыз әскери болуға сұранып тұр. Талғар қаласы Біріккен Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшылығы оның әкесімен сұхбаттасып, оны Мемлекеттік Күзет қызметіне лайықты деп отыр. Ғалымжанның әкесі Талғат та кезінде Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеген азамат. Сондықтан да ол жалғыз ұлының әскерге барып, өз елін қорғайтын азамат болып, бой түзеп, ер жігітке тән мінез қалыптастырып келгенін қалайды. Ал, Ғалымжан азаматтық борышын адал атқарып келген соң, әскери қызметкер болуды мақсат етіп отыр.
Мәди Иманмәді де мерзімдік әскери қызметке дайын. Тиісті тексерулердің барлығынан ойдағыдай өтті. Қаламыздағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжін бітіріп, автоэлектрик мамандығын алып шыққан. Ол да отбасында жалғыз ұл. Десе де, оның ата-анасы ұлдарының үлкен азамат болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келуіне қолдау көрсетіп отыр. Мектеп қабырғасынан әскери дайындық пәнін үздік оқып, әскери қызметкер болуды армандаған Мәдиге Қазақстан Ресубликасының Қарулы күштерінің қатарында мерзімдік әскери қызметін өтеп келген ағасы да ықпал еткен. Бүгінде барлық зерделеу ісінен сүрінбей өткен Мәдиді алда Шекара қызметі күтіп тұр.
Перизат НҰРҚАЕВА
Талғар-ақпарат