Осыдан 32 жыл бұрын, 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алған болатын. Бұл — келтірген залалы мен салдары жөнінен ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. Күші жағынан 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан 500 есе артық экологиялық зиян әкелген аталмыш алапат апатты залалсыздандыруға 800 мың адам, соның ішінде 32 мың қазақстандықтар қатысқаy. Бүгінде Алматы облысында 2 мыңдай Чернобыль апатына қатысқан азамат бар болса, олардың 63-і бүгінде арамызда.
Жылдан-жылға Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандардың саны азайып келеді. Чернобыльдағы жарылыстан тараған радиоактивті сәуленің адам ағзасына қаншалықты зиян екені кімге болса да белгілі. Ең қауіпті рак ауруы өз алдына, жүйке жүйесінің зақымдануы, белсіздік, сүйектің сырқырап ауруы, қалқанша бездің шамадан тыс ісінуі, тағы басқа да қатерлі ісік аурулары көп кездеседі. Қазіргі кезде елімізде апатты жоюға қатысқандардың саны 4519 адам ғана. Олардың көбі түрлі ауыр науқасқа шалдыққандар. Сондықтан да, олардың ерлігін ешқашан ұмытпай және оларға қамқорлық көрсету баршамыздың борышымыз.
Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында игілікті шара болып өтті. Жиын барасында алғы сөзді аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы өзі сөйлеп, чернобылдық ерлердің жан кешті ерліктерін еске алып, олардың сол кезеңдегі іс-әрекеттері бүгінгі ұрпақ үшін ерліктің үлгісі екенін тілге тиек етті. Содан кейін зал тола жиналған чернобыльдық ардагерлерге медальдарын салтанатты түрде табыс етіп, ақжарма тілегін жеткізді. Өз кезектерінде кезекпе кезек сөз алған Алматы облысы бойынша «Чернобыль ардагелері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Хұсайын Мұстафа, Алматы қаласы бойынша Чернобыль ардагерлерінің төрағасы Болат Раздыков, аудандық ішкі саясат бөлімінің жас маманы Дария Кеңесжанқызы қаншама жанның тәні мен жанына жара салған алапат апаттың салдарын жоюға қатысқан жерлестеріміздің ерлігі туралы сөз қозғап, апаттың салдарынан қаза болған азаматтардың рухына тағзым етті. Игілікті шараны ауданымыздың мәдениет саласының майталмандары әсем әндерімен әрлеп, жиылған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Перизат НҰРҚАЕВА
«Талғар-ақпарат»