Ауған отынан оралғандар

Ауған отынан оралғандар

Соғыс. Осы бір ауыз суық та үрейлі сөзде қаншама қайғы-қасірет, жазылмас жан жарасы жатыр десеңші… Қай елге болмасын алапат әкелетін соғыстың суық желі, азынаған азабы ешқашан ұмытылмақ емес. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Л.И.Брежнев, Ю.Андропов, М.Суслов, Д.Устинов Ауғаныстанға Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдап, соның салдарынан  1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғаныстан жеріне өтіп, онда 1989 жылдың ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Қазақстан жерінен ауған соғысына аттанған жауынгерлердің 22 000 мыңы қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті, қаншама азаматтарымыз денсаулықтан айырылып, туған жерге мүгедек болып қайтты.

Өткен аптада Талғар медицина колледжінің жастары  Ауған  соғысының ардагерлерімен «Ауған отынан оралғандар» атты кездесу кешін өткізді. Айтулы шараға аудандық ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қажымұқан Әлжанов, ардагерлер Айдар Нұрбаев, Мұратбек Қозыбағаров, Серік Жамбасбаев, Талғар қаласының біріккен қорғаныс бөлімінің бастығы, подполковник  Болат Айдарұлы қатысты. Бұл күнгі іс-шара аталмыш оқу орнының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Болат Усмановтың ұйымдастыруымен өтті. Ең алдымен мемлекеттік Ту енгізіліп, асқақтай Әнұран шырқалды. Колледждің жалынды жастары  елжандылық тәрбиесіне негізделген жиынға дайын екендіктері туралы баянат берді. Осыдан соң жиналғандар назарына  Ауған соғысының тарихы жайында, онда ерлік көрсеткен аға ұрпақ өкілдері туралы, бүгінгі таңдағы Тәуелсіз Қазақстанның  Қарулы Күштерінің қабілет-қарымын паш еткен деректі фильм ұсынылды. Кезек әдеби-музыкалық бөлімге ұласып, өнерлі жастар «Катюша» биін биледі,  «Қазақ қызы» сахналық қойылым да өте әсерлі шықты. «Қара мойор» атанған ержүрек командир Борис Керімбаевтың жау қолына түскендегі сәтін, қазақ қызының батылдығын колледж жастары шынайы көррсете білді. Зор қошеметпен сахна төріне көтерілген  ауған соғысының ардагерлері жастарға өздерінің жауынгерлік өмір белесінен сыр шертті. Сұрапыл соғыстың ортасына түскенде олардың жасы бар-жоғы 18-22 жас аралығында екен.  Қысқа мерзімді дайындықтан өте сала, оқ пен оқтың ортасында өмір мен өлім арпалысқа түскен  майданды бастан өткерген ардагерлердің естеліктерін жастар ұйып тыңдады. Қадірменді қонақтарға естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары ұсынылды.  Ауған соғысы ардагерлер кеңесі атынан халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлының бейнесі айшықталған «Батыр шапағаты» естелік медалімен  колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жандос  Самбетов және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Болат Усманов марапатталды. Әрі қарай іс-шара әсем ән, толқынды бимен әрленді. Әкесі Бақберген Текесбаев ауған соғысының ардагері екенін, отбасының тірегі болған әке жолы ұл-қыздарына қашан да үлгі болатынын тебірене жеткізген колледж оқушысы Бек Диана  ұстазы, ақын Болат Усмановтың  Ауған соғысы жайлы өлеңін оқыды.  Калашников автоматын жартылай бұзып әрі жабық көзбен жылдам жинақтау бойынша жаттығу сабағын көрсеткен Диана Тойлыбай мен Тұрлыбек Дананың шапшаңдығы мен біліктілігіне жиналғандар тәнті болды. Іс-шараның қорытынды бөлімінде Талғар қаласының біріккен қорғаныс бөлімінің бастығы, подполковник Болат Айдарұлы бір топ жастарға  әскери қызметке тіркеу куәліктерін табыс етті. Осылайша,ерлік пен елдіктің ерен үлгісін көрсеткен аға ұрпақты ұлықтап, жас өскіннің бойында  отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерін дамытуға бағытталған мәнді де маңызды іс-шарадан жиналғандан мол әсер алып тарқасты.

Райхан АЗИМОВА

Талғар-ақпарат