АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жуырда Кеңес əскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай аудан əкімдігінде ардагерлерді қабылдау өтті. Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, өзге мемлекеттің аумағына тəуекелге бел буып барып келген сол кездегі жалынды жастар, бүгіндегі жігіт ағасы болған ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Олардың Отан алдындағы жауапкершіліктері кейінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.

Қазақстанда бүгінде 10 мыңға жуық Ауған соғысының ардагері бар. «Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» деген екен бір данагөй. Өмірлерінің өлшеулі бір бөлігін, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен оттың арасында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесу, естеліктерін тыңдау – қандай ғанибет. Аудан əкімінің қабылдауына Ауған соғысының ардагерлері Нұрғазы Айтжанов, Владимир Балжик, Тарғын Демеуов, Тұрарбек Досанов, Мақсұт Есмамбетов, Самат Жақсылықов, Анарбек Жұмажанов, Мұратбек Қозыбағаров, Ержан Қозыбақов, Ахмет Өмірзақов, Магелан Қасымбеков, Руслан Хасуев, Нұржан Байчоров, Бахкерей Мұқановтар шақырылды. Майдангер ағаларымызды аудан əкімінің орынбасары Дəрменияр Қыдырбек-ұлы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Берікгүл Сеитова қабылдап, жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, аудан басшысының құттықтауын жеткізді. Гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын да табыс етті. Өз кезектерінде ардагер ағаларымыз да аудан басшылығына алғыстарын айтып, көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын білдірді.

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат