
«Әділет» партиясы Алматы облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды және агроөнеркәсіп саласына инвестиция тартуды көздейді. Бұл міндеттер партияның 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасында қамтылған.
Бағдарламаның негізгі бағыттары Талғар қаласындағы Агробизнес колледжінің еңбек ұжымымен өткен кездесуде талқыланды. Жиынға «Әділет» партиясынан Алматы облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Данияр Қасқарауов, Ержан Игибаев, Айдар Сарипов, Димаш Бегілдаш және Бахтияр Ярмахамбетов қатысты.
Кездесу барысында Данияр Қасқарауов өңір экономикасын дамыту, ауыл кәсіпкерлігін қолдау және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған жоспарларды таныстырды.
Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламада 2031 жылға қарай орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін қазіргі 7,2 пайыздан 19,8 пайызға дейін арттыру міндеті қойылған. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері есебінен 53 220 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
«Кәсіпкерлік – өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Бір кәсіпорын ашылса, жаңа жұмыс орындары пайда болады, жергілікті тұрғындардың табысы артады. Сондықтан біздің сайлауалды бағдарламамызда кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін кеңейтуге ерекше мән берілген. Атап айтқанда, «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы ауылдар мен шағын қалалардағы 120 бизнес-жобаны қолдау, әлеуметтік кәсіпкерлерге 363 мемлекеттік грант беру көзделген. Бұл – Алматы облысында кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға арналған нақты міндеттер», – деді Данияр Қасқарауов.
Өз кезегінде Айдар Сарипов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Жолдауында айтылған кәсіпкерлікті қолдау бастамаларына тоқталды.
«Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынған болатын. Мұндай бастаманың басты мақсаты – кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту. Біздің сайлауалды бағдарламамызда да бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау, қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бағыттары қамтылған», – деді Айдар Сарипов.
Кездесуде ауыл шаруашылығының экономикалық әлеуетін арттыру мәселесіне де назар аударылды. Партия бағдарламасына сәйкес, Алматы облысында агроөнеркәсіп кешенінде кемінде 47 инвестициялық жобаны іске асыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2031 жылға қарай 1,12 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған.
Бұдан бөлек, кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу мәселелері қаралды. Бағдарламада кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен жыл сайын 500 маман даярлау және дуальды оқытумен қамтылған студенттердің үлесін 30 пайызға дейін арттыру көзделген.
Жиын соңында колледж қызметкерлерімен аграрлық салаға білікті кадрлар даярлау, жастарды жұмыспен қамту және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмыс берушілермен байланысын нығайту мәселелері талқыланды.
Дайындаған: «Әділет» партиясының Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Қасқарауов Д.А.
Алматы облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына партиялық тізім ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.


