Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер әрдайым ақылдасу, кеңесу және ортақ мәмілеге келу арқылы шешілген. Хандар мен билердің, батырлар мен ақсақалдардың басын қосқан құрылтайлар ұлттың бірлігі мен мемлекеттіліктің беріктігін қамтамасыз еткен. Бүгінгі Ұлттық құрылтай – сол тарихи дәстүрдің заманауи жалғасы.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай – қоғамның түрлі саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, халықтың пікірін мемлекеттік саясатпен ұштастыратын маңызды қоғамдық институтқа айналды. Мұнда көтерілетін мәселелер тек экономикалық немесе саяси бағытпен шектелмейді. Руханият, отбасы құндылығы, жастар тәрбиесі, ұлттық мәдениет, білім, тіл және қоғамдық келісім мәселелері де кеңінен қамтылады.
Теолог ретінде ерекше тоқталғым келетіні – қоғамның тұрақты дамуы ең алдымен оның рухани беріктігіне байланысты. Материалдық жетістік адамның өмірін жеңілдеткенімен, рухани құндылықтар әлсіреген қоғамда алауыздық, жауапсыздық, қатыгездік пен түрлі теріс ағымдардың ықпалы күшейеді. Сондықтан рухани иммунитетті қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрі мен асыл дініміз адамды имандылыққа, әділдікке, адал еңбекке, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға үндейді. Бұл қағидалар бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлттық құрылтайда көтерілген отбасы институтын нығайту, жас ұрпақтың тәрбиесіне басымдық беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу секілді бастамалар – халқымыздың рухани болмысын сақтауға бағытталған маңызды қадамдар.
Қазіргі таңда интернет кеңістігі арқылы түрлі жалған ақпараттар мен дәстүрлі құндылықтарға қайшы келетін теріс идеологиялар жастардың санасына әсер етуде. Оның ішінде діни сауатсыздықты пайдаланып, азаматтарды адастыруға тырысатын радикалды ағымдардың да қаупі жоқ емес. Мұндай жағдайда ең тиімді қорғаныс – сапалы білім, дұрыс діни таным және ұлттық тәрбие.
Рухани қауіпсіздік – мемлекет қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Сондықтан ата-ана, мектеп, дін қызметкерлері, зиялы қауым және мемлекеттік мекемелер бірлесе жұмыс істегенде ғана қоғамда тұрақты әрі қауіпсіз орта қалыптасады. Әсіресе жастардың бойына елге қызмет ету, заңға құрметпен қарау, еңбекқорлық, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру – бәріміздің ортақ парызымыз.
Ұлттық құрылтайдың басты ерекшелігі – қоғамдағы әртүрлі пікірлерді бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдыруында. Бұл – бірлікке бастайтын, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтатын маңызды алаң. Қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылау, халықтың ұсынысын ескеру және ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру – әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Бүгінде ұлттық бірегейлікті сақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тарихи сананы жаңғырту, отбасы құндылықтарын дәріптеу және жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – ел болашағына салынған инвестиция. Бұл бағыттағы жұмыстар әр азаматтың қолдауымен ғана нәтижелі болады.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар»
Біздің халқымыз қашанда осы қағиданы ұстанған. Елдің тұтастығы мен тыныштығы – ең үлкен байлық. Сондықтан Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір саналы азаматтың ортақ міндеті болуы тиіс.
Берекелі қоғам – рухани бай қоғам. Ал рухани бай қоғамда адамгершілік салтанат құрады, татулық пен келісім орнығады. Осындай құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай отырып, болашақ ұрпаққа өнегелі қоғам қалдыру – баршамыздың азаматтық борышымыз.
Еліміздің бірлігі бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы, рухани құндылықтарымыз мәңгі жасай берсін!
Талғар ауданы теолог маманы:
Қарақол Абсаттар Сабыржанұлы


